Тұрғын үй нарығындағы алаяқтық операцияларды шектеу қажет

27.01.2021 00:39

Мемлекет басшысы Үкіметке қандай тапсырмалар жүктеді?

Фото: akorda.kz
Тұрғын үй нарығындағы алаяқтық операцияларды шектеу қажет. Жаңа агенттік құру керек. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген мәселенің басын қайырып, Үкіметке үлкен тапсырмалар жүктеді. Қазақстандықтарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілуіне байланысты баспана бағасының шарықтауы ықтимал. Бұл ретте Президент тұрғын үй төңірегіндегі дүрбелең мен баға өсімін ұстап тұруға бағытталған нақты шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аудартты. Бұдан бөлек Президент корнавирустың алдын алу, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту, бизнесті қолдау бойынша нақты міндеттер қойды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдымен ҚР Премьер-министр бастап, бірқатар өңірлердің әкімдері әр саладағы даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Президент өз сөзінде, әсіресе, қазіргі қиын қыстау уақытта экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу, халық саулығын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Бұл ретте баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде дәрі-дәрмек тапшылығы болмайтынын айтты.

«Қазіргі уақытта коронавирус препараттары бойынша маркетингті шығындардың бәрін алып тастадық. Дәріханаларда жетіспеушілік болмас үшін біз коронавируске шалдыққан адамдарға амбулаториялық дәрі-дәрмекті тегін қылдық. Бұл да дәріханалардағы кезекті жойды. Осылайша біз антиковид препараттардың бағасын орта есеппен 27 пайызға арзандаттық», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Президент дәрі-дәрмек тапшылығын тудырғандарға шара қолдану керектігін ескертті.

«Заңға сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына тегін берілуі тиіс медикаменттер мен заттардың жоқ болуы фактісіне назар аудару маңызды. Медициналық мекемелер олардың жоқ екенін жиі айтады және адамдар, оның ішінде аз қамтылған топтар оны өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болады. Ал шенеуіктердің есебіне сәйкес, еш проблема жоқ, бәрі сатып алынған және 100 пайыз иегеріліп жатыр. Еліміздің Бас прокуратурасына аталған мәселе бойынша ішінара тексеру жүргізуді тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулық сақтау министрі, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуал дұрыс қадағаланбай отыр. Ал, Президент отандық медицина саласындағы кемшіліктерді атай келе, денсаулық сақтау ұйымдарына түгендеу жүргізуді тапсырды. Ана өлім-жітімі жоғары болуы себептерінің ішінде перзентханалардың әлсіз жабдықталуы байқалғанын сынға алды. Ауыр науқастарды емдеу үшін құрал-жабдықтар мен қажетті материалдардың жоқтығын тілге тиек етті. Ал, әкімдерге вакциналау мәселесінде дүрбелеңге жол бермеу керегін айтты.

«Бұл мәселе бойынша тек денсаулық сақтау министрі ғана емес, әкімдердің бәрі мына жайды ескеруі керек: жалпыға ортақ вакцинация – өте маңызды мәселе. Бізге азаматтарды вакцинациядан өткізуде өте салмақты, ойластырылған, қыр-сыры ескерілген жоспар керек. Дүрбелең болмас үшін ол салада ескеретін өте көп нюанс бар. Вакцинация эпидемиологиялық ахуалды түзеуі керек. Алда жұмыс көп», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, «СҚ-Фармация» компаниясына салмақты реформа керек деді Президент. Денсаулық сақтау министрі компанияның жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті. Отырыс барысында мемлекет басшысы экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттік құру қажеттігін айтып, халықты еңбекпен қамту мәселесін де көтерді.

«Біз жұмыспен қамтудың жол картасын қабылдап, оған 1 триллион теңге бөлдік. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілді. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Алайда ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек мемлекет басшысы ауыл мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдарды қайтаруды жүктеді. Елімізде жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарында болса, оның 46 млн.гектары бос жатқан көрінеді. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешені туралы ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл қараша айына дейін Жер кодексіне түзету енгізілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.  

«Президент айтқан жайылым жерлерді халыққа қайтару – өте дұрыс шешім. Өйткені ауылды жерлерде мал бағатын орын жоқ. Сондықтан қарапайым халық үшін, мысалы, отар қойы бар демейік, азғантай малы бар адамдар үшін бұл мәселе шешімін табады деп отырмыз... Ол мемлекеттікі болып халыққа тегін мал жаюға ыңғайлы жасау керек», – деді саясаттанушы Азаматхан Әміртай.

Коронавирус пандемиясынан бизнес саласы айтарлықтай зардап шеккені рас. Президент шағын және орта бизнестің ахуалы қандай болса, халықтың да жағдайы сондай деді. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, 1 айдың ішінде қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырды. Ал, биыл ҰБТ электронды форматқа ауыстырылады. Өңірлердегі ЖОО сапасын арттыру үшін 20 академиялық орталық құрылады. 200 жаңа мектеп салынады. Бюджет саласындағы 1 млн-нан астам жұмыскердің жалақысы өседі. Түркістан-Шымкент-Ташкент жоғары жылдамдықты темір жол магистралі салынады. Қазақстанда адамның иммундық мәртебесі туралы ақпарат қамтылған QR код енгізіледі. Монополияға қарсы жаңа заң әзірленеді.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, коронавирустың шарықтау шегі наурыз айының соңына келуі мүмкін. Пессимистік сценарий бойынша, күніне тіркелген науқастар саны 9 мыңға жетеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта елімізде  вакцинацияға дайындық аяқталуға жақын. Жүйелі есепке алу мақсатында вакцинацияның электрондық төлқұжаты жасалды, оған ақпаратты өздігінен енгізуге де болады. Айтпақшы, Президент қазақстандық вакцинаны салдыратынын айтты және отандық вакцинаны тестілеудің оңтайлы нәтижесіне сенім артатынын атап өтті.

Асылбек Тойбек