Түркістан облысында шаруалар субсидия туралы заңға өзгеріс енгізілуін талап етуде

24.09.2019 19:16

Субсидиясыз кәсібіміз тұралап қалады. Түркістан облысында егіншілер «еңбегіміз еш кетіп жатыр» деп шағымдануда. Өйткені, мемлекеттен бөлінетін қаражат қолдарына тимей қалыпты. Соның салдарынан еккен ақ алтынынан пайда көре алмай қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнетінің зейнетін көру шаруаларға қиындай түсті. Себебі, жыл сайын берілетін мемлекеттік субсидияны былтыдан бері  алмаған. Заң шеңберінде тек мақта өңдеуші зауыттарға өнімін берген шаруалардың қолына ғана қаражат тиеді. Ал, зауытпен тікелей жұмыс істеу қолайсыз дейді шаруалар.

«Былтыр бізге мемлекет тарапынан субсидия бөлінген. Бірақ әр түрлі жағдайлармен тек өндірістік кооперативтерге береміз деді де, біздің аудан бойынша 5-6 өндірістік кооперативтерге ғана берді.  Қалған шаруаның бірде біреуі ала алмай қалды. Сондықтан біздің талабымыз – мемлекет тарапынан берілетін субсидия әрбір шаруаның жеке шотына жіберілсе. Зауыт арқылы емес», – деді мақта егуші  Дүйсенбек ҚЫРБАСОВ.

2000 жылдары ашылған мақта зауытының жұмысы 19 жылдан бері әупірімдеп жүріп келеді.  Арасында бір рет жабылып, қайта іске қосылған кәсіпорын басшылары өндірістің қауқары көңіл көншітпейді деп налып отыр.

«Шынын айтқанда бізде қазір зауыттың өзі алып кете алмайды. Тендердің арқасында ғана осынша халық осы жерде істеп жатыр.  Ал енді келешегі осы компаниялар осы бастаманы қолдауымыз керек», – деді зауыт директоры Жұмағали АЯЗХАНОВ.

Қазір диқандардың қажетіне жарап тұрған «Алаулы» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі. Жылына 35 мың тоннаға жуық мақтаны дайындайтын серіктестік оны тіпті Қытай, Молдова және Ресей секілді елдерге экспорттайды. Жергілікті диқандардың мақтаны егіп, оны жинап алғанға дейінгі ала жаздай еңбегіне қажетті қаражатты Болашақ өнім есебінен қарызға беретін де осылар. Сондықтан кіммен әріптес болатынын мемлекет міндеттемей шаруаның өзі шешсе дейді. Ол үшін субсидия әр қожалықтың есеп шотына түсуі тиіс.

«Не үшін шаруа зауытқа болмаса тендерге тапсыру керек? Мұның себебі біреу-ақ. Бірінішден, жағдайы, екіншіден бағасы, үшіншіден қазір міне аванс беріліп жатыр. Зауыттың ондайға шамасы жоқ. Ал мемлекет беріп жатқан субсидия шаруаның өзіне тию керек. Мақта зауытқа тапсырған былтырғы өнімдерінің ақшасын әлі күнге ала алмай жүргендер де бар», – деді мақта дайындайтын зауыттың өкілі  Бақтияр ҚОЗЫБАЕВ.

Мақта шаруашылығына берілетін субсидия туралы заңға өзгеріс керек дейді диқандар.  Айтуларынша, заңнамалық құжатта мақтаның күріш, бидай және қызылша секілді дақылдармен араласып кетуінің кесірінен, егіншілердің еңбегін еш етіп жатыр.

Өмір Әнуарбек «Алматы» телеарнасы