Қазақстанда инфляция төмендегенімен, көп тауардың құны қымбаттап жатыр. Үкімет басшысы министрлер мен әкімдердің бағаны тұрақты ұстай алмай отырғанын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Премьердің сөзінше, елде күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Олжас Бектеновтің пайымдауынша, орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралар жеткіліксіз.
– Өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр. Серік Мақашұлы, аталған мәселенің әлеуметтік маңызы өте зор. Сондықтан оны қатаң бақылауда ұстаңыз. Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Ал Алматыда биыл қаңтарда экономикалық индикатор төмендегенімен, қазір 1,7 пайызға өсіпті. Дегенмен құрылыс, тұрғын үйді пайдалану және сауда бойынша көрсеткіш баяулаған. Ерболат Досаевтың айтуынша, сауданың төмендеуіне автомобильдер мен электрондық техникаға сұраныстың азаюы себеп болған.
– 2023 жылғы мамырда қабылданған Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына және өткен жылдың 29 желтоқсанында бекітілген жаңа егжей-тегжейлі орналасу жоспарына сәйкес құрылыс және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі төмендеді, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: Қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасының өсуі 4,2%-ды құрады