Былтыр Қазақстанда өндірілген 85,65 млн тонна мұнайдың 76,5%-ы экспортқа кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Редакцияның сауалына жолдаған жауабында Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі осындай мәлімет берді.
«2020 жылы Республика бойынша 85,65 млн.тонна мұнай және газ конденсаты өндірілді. Соның ішінде экспортқа 68,5 млн.тонна және 15,8 ішкі нарыққа млн тонна тасымалданды», – деп жазылған жауапта.
Ведомство берген мәліметке сүйенсек, экспортталатын 68,5 млн тонна мұнайдың 669,3 мың тоннасы, яғни, 0,9% ғана өңделген өнім ретінде сатылады екен. Қалған өнімнің бәрі шикізат ретінде шығып жатыр.
«2020 жылы 68,5 млн.тонна мұнай экспортталды, бұл жалпы өндірілген мұнайдың 76,5%-ын құрайды. 2020 жылы мұнай өнімдері мынадай көлемде экспортталды: Бензин – 493,6 мың тонна; Дизель отыны – 175,9 мың тонна; Авиа отын – 363 тонна», – деп жазылған ресми мәліметте.
Министрліктің баспасөз қызметі ведомствоның бірінші кезектегі міндеті – ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз екенін ерекше атады. Яғни, ішкі сұраныстан артылған мұнай өнімдері ғана экспортқа шығарылып жатқан көрінеді.