АӘК тағайындағанда шәкіртақы да кіріске саналады

Абзал Калиев
Абзал Калиев
Депутаттар атаулы әлеуметтік көмек берудің тетіктерін қызу талқылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындағанда студенттердің шәкіртақысы есепке алынады. Бұл туралы Мәжілістегі үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Жаңашылдық мүгедектігі бар балалардың стипендиясы мен жәрдемақысына қатысты болмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалып отырады. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыспен қамту шараларына тартылады. Еңбек етуден бас тартқан жағдайда оларға атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады. Табысы аз отбасыларының 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларын азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз ету ұсынылады. Ал студенттерге келер болсақ, бұдан былай олардың шәкіртақысы отбасы кіріс көзі ретінде есептелмек.

«173-бап бар. Онда шәкіртақы кіріс көзі саналады деген. Сондықтан отбасы мүшесі болғандықтан, шәкіртақыны да отбасыдағы кіріс ретінде есептейміз», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Министрдің мұндай ұсынысына кей мәжілісмендер наразылық танытты. Мәселен, депутат Гүлжан Қарағұсова бұған түбегейлі қарсы екенін айтып, шәкіртақы кіріс емес, жастар үшін ынталандыру дегенді алға тартты.

«Бүкіл әлемде шәкіртақы – ынталандыру нормасы. Ол бәріне бірдей тағайындала бермейді ғой. Тек жақсы оқитындарға. Ал үздік оқитындарға жоғарылатылған шәкіртақы беріледі. Бұл талпыныс үшін ынталандыру. Шәкіртақы ол бөлек нәрсе. Мен бұған түбегейлі қарсымын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА.

Атаулы әлеуметтік көмек берудің тетіктерін депутаттар қызу талқылады. Өтіп бара жатқан жылдың тәжірибесі әлеуметтік көмек көрсету жүйесінің олқы тұстарын көрсетті. Бұған бірқатар мысал да бар.

«Комиссия келіп тексерді. Сол комиссияның шешімімен олар бізге беруді тоқтатты. Себебі тегін тұрасыз дейді. п. Оның өзі үлкен көмек екен деп тоқтатты. Сосын мен ізденіп, сұрадым. Шын мәнінде табысым жетпейді өйткені. Соңында бір айдан кейін қайтадан беретін болып шешті», - деді Айзада НАЗАРХАНОВА.  

Ал жүзін жасыруды өтінген бес баланың анасы сәуірден шілде айына дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келді. Алайда, қазір беріліп келген көмек, атап айтқанда 250 мың теңгені мемлекетке қайтаруды талап етуде.  

«Жолдасыңыз алимент төлесін дейді. Екеуміз ажырасып кеткенбіз. Ол жай ғана келіп, бізден хабар алып тұрады. Маған сол үшін әкімдік 250 мың теңгені қайтарыңыз деп талап етіп отыр. Әйтпесе, сотқа береміз дейді», - деді Айжан.

Нәпақасын қара жұмыспен тауып жүрген көпбалалы ана қомақты соманы қалай табарын білмей дал. Ал жаңа атаулы әлеуметтік көмектің қалай жұмыс істейтіні тек уақыт еншісінде болмақ.  

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан



Новости партнеров