Министр қай өңірде орташа жалақы 321 мың теңгеге дейін өсетінін айтты

21.09.2021 19:38

Кешенді жоспарды іске асыруға 932,8 миллиард теңге бөлінеді

kazbilim.kz

2025 жылға қарай Екібастұзда орташа айлық жалақы мөлшері 321 мың теңгеге жетеді. Үкімет Павлодар облысы Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, кешенді жоспар 114 іс-шарадан тұрады. Жоспар аясында қалада нвестициялық жобаларды іске асыру, баспана, инфрақұрылым, әлеуметтік саланы дамыту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологияны жақсарту көзделген.

Кешенді жоспарды іске асыруға 932,8 миллиард теңге бөлінеді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 64,7 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 33,5 миллиард теңге, жеке инвестициялар – 834,6 миллиард теңге.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жағдайын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 84,9 миллиард теңгеге тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 37 іс-шара іске асырылады.

«16,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, орташа айлық жалақы 321 мың теңгеге дейін өседі», – деді министр үкімет отырысында.

Сондай-ақ, кешенді жоспар аясында 200 мың шаршы метр кредиттік және арендалық баспана салу, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 370 учаске бөлу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық база нығайтылады.

350 орындық балалар шығармашылығы орталығын салу, 20 мектепті күрделі жөндеуден өткізу, 320 орындық балабақшаны қайта жаңарту көзделіп отыр.

Бұған қоса мәдениет және спорт саласын дамытуға «Исабек Ишан Хазрет» мұражайы, 2 мәдениет үйі, мұз аренасы, 20 стрит-воркаут және 10 стритбол алаңдары салынады.

Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында кредиттердің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланып, жаңа бизнес-идеялар үшін гранттар беріледі. Сонымен қатар, «Business Ertis» өңірлік жобасын жүзеге асырылады.

Жалпы сомасы 822,3 миллиард теңгеге қаланың экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 35 іс-шара көзделген.

Ерғалиев кешенді жоспар қала экономикасының өсуін және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.