1 наурыздағы көрсеткіш бойынша, биржадағы жеке тұлғалардың есеп шоттары артқан
Мұнай бағасы түсіп кеткеннен кейін KASE биржасындағы сауда-саттық көлемі 505 миллион долларды құраған. АҚШ валютасының құны дүйсенбідегі шарықтаудан кейін өзгермей тұр. Тосын жағдайға байланысты биржа басшысының орынбасары Андрей Целюк пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, сауда-саттық алғаш ашылған сәтте биржа көрсеткіші 6,5-тен 7 пайызға дейін түсіп кеткен. Бірақ түстен кейін нарық қайта қалпына келіп, индекс көрсеткіші 4,77 пайызға жетіпті. Сондай-ақ валюта нарығын реттеу үшін, қор биржасында алғаш рет франкфурттық аукцион технологиясы қолданылыпты.
«Жалпы жасалған келісімдердің көлемі 300-320 миллион доллардан асты. Бұл көрсеткіш франкфурттық аукцион нәтижесінде қол жеткізілген сома. Яғни біз саудаға қойған сұраныстың барлығы қанағаттанарлық нәтиже көрсетті. Жалпы сауда-саттық көлемі 505 миллион долларды құрап отыр. Нарықта аз да болса түзелу байқалады», – деді «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Андрей ЦАЛЮК.
Сондай-ақ, 1 наурыздағы көрсеткіш бойынша, биржадағы жеке тұлғалардың есеп шоттары артқан. Орталық депозиторида 118 мың 773 дербес шот тіркелген болса, оның 1141 -і жаңадан ашылған. Бұл өткен аймен салыстырғанда жоғары көрсеткіш дейді КАСЕ басшылығы.