Келесі айдан бастап жәрдемақы көтеріледі

28.09.2021 20:02

I-II топтағы мүгедек балалардың ауруына қарай жәрдемақының көлемі 16-37 пайызға көтеріледі

qazaqstan.tv

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов жаңа жәрдемақылардың көлемін жариялады. Ол келесі айдан бастап төленеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

«Біріншіден, I топтағы мүгедектерге қарап жүрген адамдарға да жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 48 мың теңге болады. Осылайша, мүгедектігі бар азаматтар алып жүрген жәрдемақыға қоса, тағы 48 мың теңге алады», – деді Әукенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бұдан бөлек, I-II топтағы мүгедек балалардың ауруына қарай, жәрдемақының көлемі 16-37 пайызға көтеріледі.

«Осының арқасында I топтар үшін 65 мың теңгеге, ал II топтағы мүгедек балалардың жәрдемақысы 54 мың теңгеге дейін өседі», – деп атап өтті вице-министр.

Бұрын мүгедектігі бар балалар ата-анасынан айырылған жағдайда өз жәрдемақысын немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақының біреуін ғана алып отыратын. Ал жаңа заңның аясында екі жәрдемақы да төленеді.

«Сонда мүгедек бала 48 мың теңге + 29 мың теңгені алатын болады», – деді Әукенов.

Осы өзгерістерді іске асыру үшін бюджеттен 2023 жылдың аяғына дейін 55 миллиард теңге бөлініп отыр.

«Келесі айдан бастап мүгедектігі бар адамдар және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар жаңа жәрдемақы ала бастайды», – деді  Әукенов.

Айта кетейік, өткен аптада сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді.