Тоқаев қоғамда қызу талқыланған АЭС құрылысы туралы да сөз қозғады
Қазақстанда 2024 жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып бекітіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін халыққа жолдауында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің айтуынша, 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда қызу талқыланған АЭС құрылысы туралы да сөз қозғады. Президент аталған нысанның салынуына қатысты азаматтардың арасында пікір екіге бөлінгенін айтты. Сондықтан бұған қатысты референдум өткізуді ұсынды.
– Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Мемлекеттік органдар кейде асыра сілтеп, бизнесті дамытуды тежейді. Осылайша құқық қорғау органдарына ескерту жасап, жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесетінін жеткізді. Сол жерде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелері мұқият талқыланады.
– Президент дұрыс айтты. Біздің экономикалық саясатымызда ең көп артықшылық шағын және ірі бизнеске арналған. Ал шағын бизнес – сауда. Сауда мен қызмет саласы. Ірі компаниялар шикізатпен айналысып жатыр. Орта бизнес дайын тауарды шығарады, оған ешқандай артықшылық жоқ. Президент Үкіметке қолдау жолын қарастыруға тапсырма берді, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Оқи отырыңыз: Салықтық жеңілдіктерді 20 пайызға қысқарту керек - Президент