Азаматтардың жалғыз автокөлігінен қарыз өндірілмейді

23.05.2024 20:00

Банктер мен тұтынушылардың мәселесі майшаммен қаралды

elements.envato.com

ҚР Парламент Сенатының депутаттары адамдардың жалғыз баспанасы мен табыс көзі ретінде пайдаланып жүрген жалғыз автокөлігін банктердің пайдасына өндірмеуді ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі parlam.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов жалғыз табыс көзі ретінде пайдаланып жүрген автокөлікті иесінен банк қарызы ретінде өндіріп алмау мәселесін көтерді.

«Заң азаматтардың құқықтарын қорғау бағытталған. Құжатта кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылу беру маусымында (қыста) жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салуды енгізу жөніндегі түзетулер ескерілген. Сонымен қатар, өмірде түрлі жағдайлар болатынын білеміз. Мәселен, адамның жалғыз табыс көзі ретінде автокөлігі немесе арнайы құрал-сайманы болуы мүмкін. Министрлік тарапынан болашақта азаматтардың жалғыз табыс көзі саналатын мүлікті өндіріп алуды қорғайтын нормалар енгізу немесе шешу жолдары қарастырыла ма?», - деп сұрады С. Дүйсембинов.

Бұл тұрғыда Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков заңнамада құрал-саймандар азаматтың табыс көзі ретінде пайдаланылса, оны алып қоймау нормасы ескерілгенін айтты.

- Автокөлікке тоқталсақ, егер де азамат таксиде жұмыс істейтін болса және де сонымен ғана күн көретін болса, онда оның автокөлігін де алмайтындай тиісті баптарды енгізуге дайынбыз, - деді вице-министр.

Өз кезегінде Сенат төрағасы жалғыз баспанадан адамдарды шығаруға тыйым салу мәселесіне тоқталды.

- Жылу беру маусымында жалғыз баспанадан адамдар шығарылмайды деген мәселелер қамтылып жатыр. Бұл мәселені депутаттарымыз да көтеріп жүр. Ал енді көктемде жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жалғыз баспанадан адамдарды шығаруға болады ғой, солай ма? Енді бұл мәселе қалай болады? Бұл жерде де қарауымыз керек, яғни әртүрлі әлеуметтік қиындықтарға алып келетіні түсінікті. Сондықтан жалғыз баспанасынан шығарылмасын, сонда тұра берсін десек, онда бұл банктердің мүдделеріне қарсы болуы мүмкін. Осы проблема адамдарды теріс әрекеттерге жетелеуі әбден ықтимал. Бірақ осы мәселеге тағы да бір мәрте қарауымыз керек сияқты, - деді М. Әшімбаев.

Сенат спикері жалғыз баспананы кепілдік ретінде алмау мүмкіндігін қарау ұсынысын айтты.

- Бұл тақырыпты пысықтау керек. Өйткені көптеген жағдайлар бар ғой, жалғыз баспанасынан айырылып, далада қалған адамдар да аз емес. Осындай жағдайларды болдырмау үшін соны да бір қарап, кейінірек бір заңдарға тиісті өзгерістер енгізуіміз керек сияқты, - деді М. Әшімбаев.

Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға көмек ретінде киіз үйлер жіберілді