Алматы инвестиция үшін ашық - Сағынтаев

Фото: Максим Золотухин
Фото: Максим Золотухин
Алматы - 36 миллиард доллар экономикасы бар Орта Азияның ең дамыған мегаполисі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Б. Сағынтаев «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған қаржы форумына қатысты. Қала басшысы мегаполисті дамытуға инвестиция тартудың негізгі бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Бақытжан Сағынтаев өзінің құттықтау сөзінде Алматыда Қазақстанның салық төлейтін ірі компанияларының үштен бірінің, 30-дан астам трансұлттық компаниялардың, банктердің бас офистерінің 86%-ның, біріккен кәсіпорындар мен ірі халықаралық ұйымдардың 43%-ның орналасқанын атап өтті. Алматы - 36 миллиард доллар экономикасы бар Орта Азияның ең дамыған мегаполисі.

«Біз алдымызға жаһандық қала болудың және өмір сүру сапасы әрі экономикалық мүмкіндіктері жағынан 100 мегаполистер қатарына ену бойынша ұзақ мерзімді міндетті қоюдамыз. Алматы халқы қала маңындағыларды қоса есептегенде қазірдің өзінде үш миллионға жақындап қалды, ал 2030 жылға қарай бес миллионға жетуі мүмкін», - деді Б. Сағынтаев.

Ол шет аймақтарды қала стандарттарына сай дамыту жөніндегі «Жаңа Алматы» үш жылдық жоспарды жүзеге асыру үшін 800 млрд. теңгеге жуық бюджет қаржысы мен жеке инвестиция қажет екенін, сол арқылы қала бастамаларының орындалуын және алматылықтардың тұрмыс жағдайларын жасқартуды қамтамасыз ететін салық түсімін арттыруға болатынын айтты.

Бұлардан өзге, Алматы әкімдігі «Астана» Халықаралық қаржы орталығында қызметін жүргізетін инвестициялық қормен ынтымақтастықты қалыптастыруды жоспарлауда. Б. Сағынтаев үкіметпен бірге бизнес жүргізуде әкімшілік кедергілерді азайту, тіркеу процедураларын жеңілдету бойынша шаралар пакетінің қолға алынғанын атап өтті.

«Алматыда мембюджет есебінен Индустриалды аймақта бірегей инфрақұрылым қалыптасты, сонымен қатар «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА салық төлеу және басқалары бойынша жеңілдіктер қарастырылған», - деді қала әкімі.

Айта кетерлігі, мегаполисте бизнесті қолдаудың бірқатар консалтингтік және қаржылық шаралары жүзеге асуда. Мысалы, Qoldaý кәсіпкерлікті қолдау орталығы бизнеске бір терезе қағидасы бойынша мемқызметтер және тегін консалтингтік қызметтер көрсетеді. «Almaty Finance» компаниясы мен «Almaty» микроқаржылық ұйым шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2%-дан 7%-ға дейін жеңілдетілген несиелер береді.

«Жалпы біз келер жылдан бастап ШОБ қаржылық қолдау көлемін үш есе ұлғайтуды жоспарлаудамыз, ағымдағы 11,5 миллиард теңгеден 30 миллиард теңгеге дейін. Одан әрі біз шешім қабылдау үшін сараптама базасына сүйене отырып, оның ішінде әкімдіктің ситуациялық орталығы және Big Data негізінде қолдау шараларына түзету енгізетін боламыз», - деп атап өтті мегаполис басшысы.

Ол өзінің сөзінде әлеуетті инвесторлар үшін тауарларды өңдеу және қайта өңдеу, көлік-логистика қызметі, туризм салаларының перспективалы бағыттар екенін атап өтті. Осынау өміршең салаларда жаңа өндіріс ашуға зор ықпал ететін креативті экономикаға ерекше назар аударған жөн.

Қазақстандық қаржы форумы – тұтынушылар құқын қорғау, АХҚО-ның бизнес үшін мүмкіндіктер мәселелерін талқылайтын алаң. Форумның мақсаты – АХҚО-да жүргізілетін инвестиция тартудың негіздері және бизнес жүргізудің шарттары туралы хабардар ету, сонымен қатар қаржы қызметін тұтынушыларды қорғау.

Алқалы шарада АХҚО сарапшылары спикер ретінде қаржы қызметін, қаржы технологиясын, жасыл және ислам облиагциясын шығаруды реттеу, бағалы қағаздар нарығын инвестициялау, сонымен қатар үздіксіз кәсіби даму туралы терең мағлұмат берді.

Новости партнеров