Жаһандық экономика 2021 жылдың соңына дейін 5 пайызға ғана қалпына келеді. Сондай-ақ, биыл пандемияға қарамастан Алматыда негізгі капиталға салынған инвестициялар шамамен 17 пайызға өскен. Бұл туралы бүгін шаһарда өткен Almaty Investment халықаралық форумына қатысқан іскерлік қоғам өкілдері мәлімдеді. Онлайн форматта өткен жиында шетелдік инвесторлар мегаполистің экономикалық әлеуетін арттыруда түрлі жобаларын ұсынып, халықаралық сарапшылар жаhандық дертті үлкен шығынсыз еңсеру тәсілдерімен бөлісті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Пандемияға байланысты биыл ерекше, онлайн форматта өткен Almaty Investment халықаралық форумына еліміздің түрлі сала өкілдері мен әлем елдерінің іскер мамандары қатысып, күн тәртібіндегі экомикалық мәселелерді жан-жақты талқылады. Пандемия басталғалы, АҚШ пен Еуропадағы алпауыт мемлекеттерде ішкі өнім 7 пайызға дейін түсіп кеткен. Жаһанды тығырыққа тіреген індетті еңсерудегі тәжірибелерімен бөліскен сарапшылар келер жылдың соңына дейін әлемдегі жағдай тұрақталады деп болжап отыр.
«Экономиканың қалпына келуі келесі жылы 5 пайызға бағаланады. Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін жаһандық экономика пандемияға дейінгі, яғни 2019 жылғы деңгейге көтеріледі деп болжануда. Сондай-ақ, вакциналардың тұтас сериясы осы жылдың соңына дейін пайда болмақ. Әлемдік экономиканың түзелуі, Қазақстан тенденциясына да оң әсер етпек», – деді АҚШ Сауда палатасының директоры Дорис Брэдбури.
Өз кезегінде отандық мамандар да, нарыққа қатты соққы болған кеселмен күресудегі әдіс-тәселдерін бөлісті. Шетелдіктерді, әсіресе, Алматыдағы банктердің карантин кезінде бизнеске жеңілдік жасап, шаһар экономикасын құлдыратпау тәжірибесі қызықтырды.
«Орын алған жағдайды мемлекет бірден қолға алып, банк жұмысына бірнеше өзгерістер енгізді. Кәсіптік салаға жеңілдік жасау мақсатында салықтық жеңілдіктер, жалдау төлемдері мен кредиттерді өтеу кейінге шегерілді», – деді «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Карантин кезінде байланыс және ІТ-технологиялар саласының қызметіне сұраныстың едәуір артқаны белгілі. Нәтижеде, бұл сала қарқынды дамып, оған қомақты инвестиция тарту қажеттілігі туындаған.
«Біз өңірлік ХАБ-тарды қолдауға тиіспіз. Сондықтан Астана ХАБ-ынан қаржылай қолдауды Қарағандыға және тағы екі өңірге бөлдік. Сондай-ақ, Астанада IT саласының өкілдерін екі жыл ішінде нарыққа дайын маман етіп даярлайтын арнайы мектептер ашылуда. Ол универститеттік білім беруге қосымша дайындық болмақ. Жалпы, бүгінгі таңда технопарк алаңында стартаптарға шамамен 20 миллиард теңге қаржы тартылды», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
«Біз цифрлық компанияларды белсенді түрде қаржыландырамыз. Бұл Алматыдағы логистикамен, тамақ өнімдері мен ауылшаруашылық тауарларын жеткізумен айналысатын мекемелер. Біз қарыз нарығындағы клиенттеріміз бен компанияларымыз үшін ақшаны белсенді түрде тартамыз», – деді «Давыдчик капитал» компаниясының басқарушы серіктесі Алексей Петров.
Қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан кейбір салалар қарқынды дамып, тіпті өнімдерін шетелге экспорттауға қол жеткізіпті. Осы ретте сарапшылар келесі жылы елдің жалпы ішкі өнімі 4 пайызға өседі деп болжап отыр.
«Магнум Өзбекстанда тағы да өздерінің Қазақстандық дүкендерін ашуды жоспарлап отыр. Оның бір жақсы жері, демек, біздің Қазақстандық Алматыдағы өндіріліп жатқан тауарларымыз ары қарай Магнум арқылы шетелге шыға алады деген мүмкіндікті тудырады», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Сондай-ақ, жиын барысында шетелдік инвесторлар өздерінің тиімді жобаларын ұсынып, Алматының қарқынды дамуына өз үлестерін қосуына дайын екендерін білдірді.
«Бізді Алматыда экологиялық жүйенің даму қарқыны қызықтырды. Сондықтан біздің жоба қаланың түгел цифрландырылуына септігін тигізбек. Біздің компания Орталық Азия елдерінде төлемдерді онлайн жасауға, оқушыларға жеке карта қолдануға, жол ақысын онлайн төлеуге, тіпті салықты үйден төлеуге мүмкіндік береді. Егер, бұл жобаға қосыламын деушілер болса, біз құшақ жаюға дайынбыз», – деді «MASTERCARD» компаниясының бас директоры (Орталық Азия) Рафал Трэпка.
Осылай, шаһар іскерлері мен әлемдік мамандардың басын қосқан Almaty Investment халықаралық форумында экономиканың дамуына қажетті басымдықтар талқыланды. Алдағы уақытта тиімді ұсыныстар мақұлданса, шетелдік инвесторлар қаржыландырған жобалар жүзеге асатын болады.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы