Арзан және ұзақмерзімді несие беру жүйесін құру қажет
Елімізде 20 жылдың ішінде шаруаларға арзан пайызбен несие беретін жүйе құрылмады. Мұндай пікірді Мәжілісте өткен дөңгелек үстел отырысында депутат Анас Баққожаев білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
— Біз шаруаларға 20 жылдың ішінде арзан пайызбен несие беретін жүйе құра алмадық. Оны Үкімет мойындауы керек. Қазіргі жағдайдың бәрі шаруалардың қаржыға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан аграрлық банк құрып, оны шаруалардың әлеуметтік проблемаларын шешуге бағыттау керек. Бүгінде Отбасы банкі жұмыс істеп тұр. Өте арзан пайызбен несие береді. Себебі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. Қазақстан даму банкі бар. Қажетті ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырады. Осы екі банкті құрған кезде еш сұрақ жоқ, ал фермерлерді қаржыландыру мәселесінде Ұлттық банкте де, Үкіметте де қарсы дәлел пайда бола қалады. Бұл дұрыс емес, - деді Мәжіліс депутаты.
Оның атап өтуінше, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаруаларға арзан және ұзақмерзімді несие беру жүйесін құру қажет.
— Ұлттық банктің айтары сол баяғы әңгіме. Дегенмен Ұлттық банк төрағасының орынбасары бүгін Агробанктің құрылуына қарсы емес екенін айтып қалды. Бұл — ең негізгі жауап. Ұлттық банк бізге қарсы болмаса, енді қалғаны — Үкімет пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Біздің есептеуіміз бойынша Агробанк 2,5 пайызбен несие бере алар еді,-деді Анас Баққожаев.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында малдан "құтырма"ауруы шықты