Пияз Ресей, Өзбекстан, Пәкістан, Түркіменстанға экспортталады

10.11.2023 20:04

Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті

elements.envato.com

Осы жылдың 8 айында еліміз 67 мың понна пиязды экспортқа шығарды. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Көкөніс өнімдерін жинау жұмыстары республиканың барлық аймағында жүргізіліп жатыр. 26 қазандағы әкімдіктердің жедел ақпараты бойынша 3,3 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс жиналды. Оның ішінде қырыққабат – 511,6 мың тонна, пияз – 1096,3 мың тонна, сәбіз – 496,2 мың тонна. Статистикалық мәліметке сәйкес 2023 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 67,8 мың тонна пияз экспортталды. Экспорттың негізгі бағыттары – Ресей, Өзбекстан, Пәкістан, Түркіменстан», - делінген министрліктің агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.

Министрліктің атап өтуінше, көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру аясында өңірлер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен форвардтық келісімдер жасасу арқылы маусымаралық кезеңге арналған резервтерді қалыптастыру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.

«Келісімшарттық көлемдер маусымаралық кезеңде сауда желілері, әлеуметтік павильондар және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншікті сауда нүктелері арқылы бекітілген төмен бағамен сатылады. Осылайша, қазіргі уақытта 2024 жылғы маусымаралық кезеңіне (2024 жылғы қаңтар-сәуір айлары) 173,7 мың тонна көлемінде көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасалды. Оның ішінде картоп – 95,1 мың тонна, сәбіз – 28,1 мың тонна, қырыққабат – 22,2 мың тонна, пияз – 28,3 мың тонна», - деді ведомстводан.