Қазақстанда тұрғын үй бағасы тағы қымбаттады

09.11.2021 20:05

Пәтерді жалдап тұру ақысы бір шаршы метрі үшін орта есеппен 1 888 теңге тұрады

Фото: ашық дереккөзден

2021 жылдың қазанындағы қорытынды бойынша жаңа пәтерлердің бағасы 1,9%-ке өсті, ал екінші сатылымдағы пәтер бағасы 1,2%-ке қымбаттады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үй саласында да бағаның өзгергені байқалады. 2021 жылдың қыркүйегінен қазанға дейін бір айда тұрғын үйді жалдау ақысы 0,9%-ке қымбаттады.

Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, республика бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 352 654 теңгеге бағаланады. Бұған дейін қолданыста болған пәтерді сату кезінде бір шаршы метрі үшін баға 279 216 теңгеден басталады.

Ал пәтерді жалдап тұру ақысы бір шаршы метрі үшін орта есеппен 1 888 теңге тұрады.

Осылайша бір жыл ішінде жаңа пәтер құны 14,6%-ке, екінші сатылымдағы пәтер 23,7%-ке қымбаттады.

2015 жылдың желтоқсанына қарағанда жаңа тұрғын үйдің бағасы 27,4%-ке, екінші сатылымдағы үй бағасы 43,1%-ке өсті. Баға 2020 жылдың соңы мен 2021 жылы шарықтаған.