Елімізде биржалық саудада адал жұмыс істемейтіндердің тізімі жасалмақ

18.09.2024 20:10

Құжатқа сәйкес, тауар биржаларына қатысты мемлекеттік бақылау күшейеді

Almaty.tv

Қазақстанда биржалық саудада адал жұмыс істемейтіндердің тізімі жасалады. Бүгін мәжілісмендер саладағы мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжатқа сәйкес, тауар биржаларына қатысты мемлекеттік бақылау күшейеді.

Президент биржалық тауарлардың ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырған. Бұл – әлеуметтік маңызы бар тауарлар. Олардың қатарында сұйытылған газ, бензин, қант, бидай сынды 18 тауар түрі бар. Депутат Екатерина Смышляева заң қабылданса, онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың саны көбейіп, спикуляцияға жол берілмейді деп болжап отыр. Оның үстіне, сөредегі өнімдердің бағасы төмендеуі мүмкін.

– Егер тауар биржалары ашық және ереже бойынша жұмыс істесе, экономикада маңызды рөл атқарады. Заң жобасында стандартты аукционды және стандартталмаған тауарларды биржалық саудадан шығару, стандартталмаған тауарлар саудасын электрондық сауда алаңдарына ауыстыру, тауар биржалары жұмысының қаржылық тұрақтылығы мен ашықтығына қойылатын талаптарды арттыру ұсынылды, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Заң жобасына сәйкес тауар биржаларына қатысты мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Салада адал жұмыс істемейтіндердің тізімі жасалады. Мұнымен қоса, заң жобасында әлеуметтік тауарлар бойынша сауда жасайтын тауар биржаларына жоғары талаптарды енгізу қарастырылған. Осылайша ашықтық пайда болады. Кез келген келісімшарт, қаржылық операциялардың барлығы көрініп тұрады. Депутат Қарақат Әбден заң қабылданса, бәсекелестік артатынын айтты.

– Ашықтық және әділдік. Цифрландыру арқылы бүкіл ақпарат қай кәсіпкер, қай счетқа, қай биржаға қандай бағамен түскенін бәрі қарап, көруге мүмкіндігі болуы керек. Сонда баға көрініп тұрады да, бәсеке туындайды. Баға мен сапа бірге жүруі керек. Егер нарықта кәсіпкерлер көп болса, баға да түседі, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден.

Заң жобасында отандық тауар өндірушілерге басымдық берілген. Сауда-саттықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін тауар биржалары қорытындыларды шығарғаннан кейін қатысушылар мен мәмілелер туралы ақпаратқа қатысты коммерциялық құпияны жария етуге міндетті болды. Бұл қазақстандық өндірушілердің ашық сауда құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, тиісті заңнаманы жетілдіруге бағытталған түзетулер соңғы бес жылда үшінші рет әзірленіп отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда биржа боттарына тыйым салынбақ