5 жолайрықтан алынған тақтайшалардың барлығы іске асырылатын болады
Алматыда демонтаждалған жолайрықтардың тіреу қабырғаларындағы гранит тақтайшалар жойылмайды. Бұл тақтайшалар жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді абаттандыруға, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың сыртқы әрлеуі кезінде пайдаланылады, деп хабарлайды Алматы қалалық Мобильділік басқармасының баспасөз қызметі.
«Қазір бір жолайрықтан 6,5 мың шаршы метр тақтайша алынып, оның 2,1 мың шаршы метрі туннельдің төменгі қатарын әрлеуге жұмсалды. 1,2 мың шаршы метр жарамсыз тақтайша жаяу жүргіншілер жолын салуға, сонымен қатар мектептер мен ауруханалардың сыртын жөндеуге жұмсалады. Тұтас тақтайшалар Райымбек-Розыбакиев, Сүйінбай – Розыбакиев және Жароков – әл-Фараби қиылыстарындағы жол-көлік айрықтарын жөндеу кезінде пайдаланылып жатыр», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қала мектептерінен тақтайшаларға сұраныс көп. Жөндеу жұмыстары шілде айында басталады. Білім мекемелерінің басшылары айтқандай, мектептерді жөндеу кезінде қаражаттың басым бөлігі инженерлік желілерге шығындалады да, сыртқы абаттандыру жұмыстарына келгенде үнемдеуге тура келеді. Ал бұл тақтайшалар жөндеу жұмыстарын айтарлықтай шығынсыз аяқтауға мүмкіндік береді.