Қазақстанда жаңа салық кодексі енгізіледі
Карантин кезінде орта есеппен қызмет көрсету саласында 800 мыңға жуық кәсіпкер зардап шекті. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жарияланған деркетерге сәйкес, 500 мыңнан астам кәсіп иесі жұмысын уақытша тоқтатқан. Ал тамыздың ортасынан карантин талаптары жеңілдетілгеніне қарамастан әлі де 200 мыңнан астам кәсіпкер шаруасына кірісе алмай отыр.
«Олардың 200 мыңның ішінде рұқсат етілгендер бар. Мысалы, асхана саласын алайық. Асханалар, мейрамханалар, олардың көбісі банкет, тойханалар ғана тоқтап тұр. Ал, рұқсат берілгеннің өзінде де санитарлық нормада көрсетілген, яғни далада қызмет көрсету мүмкін емес, далада суық айлар келіп жатыр, яғни мейрамхананың ішінде қызмет көрсету керек. Бірақ ішінде 30-50 пайызға дейін шектеушілік бар. Сонда кәсіпкер өзінің есебімен ойлайды, егер 30 пайызбен болса, ол өзінің барлық шығынын өтей алмайды», – деді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасының басшысы Қазақстанда жаңа салық кодексі енгізілетінін айтты. Ол норма Үкіметпен бірлесе отырып жасалатынын түсіндірді.
«Мемлекет басшысы 2021 жылдан бастап қарапайым түсінікті жаңа ережені цифрлық негізде дайындауды тапсырды. 2021 жылы көп жұмыс жасайтын бизнес салаларын бір бағытқа негіздеуіміз керек. Жаңа салық кодексін енгізген жөн. Оны оңтайлы ету үшін толық қайта қараған жөн. Отандық өндірушілерді қолдау. Жаңа ҚХА бағдарламасы жасалады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бизнес-қоғамдастықты тарта отырып, ҰКП Үкіметпен бірлесіп, салық кодексі және қосалқы заң актілеріне тексеру жүргізуге қатысып жатыр», – деді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.