Қазақ-түрік арасындағы алыс-беріс артады

19.04.2024 20:18

Жоба тасымалданатын тауар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді

elements.envato.com

Қазақ-түрік арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс жандана түседі. Жоғары палата қос ел арасында жүк көлемін арттыратын құжатты мақұлдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Бастама Қазақстан мен Түркия шекарасында теміржол және су көлігімен тасымалданатын тауар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тараптар Каспий теңізінде тұрақты жол-паромдық операцияларды жүзеге асырады. Алдағы уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қытайдан Еуропаға жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту қолға алынбақ. Жалпы, бүгінде Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 5 млрд долларға жеткен. Көрсеткішті қысқа мерзім ішінде 10 млрд долларға жеткізу жоспарланған.

- Аталған келісім әртүрлі көлікті пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісім мемлекеттерді байланыстыратын теміржол желілерінде, оның ішінде халықаралық контейнерлік блок-пойыздар үшін тиісті байланыстар мен транзиттік қызметтерді ұсынуды қарастырады, - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев 2000 орынды мектеп құрылысының барысымен танысты