Премьер-министр 2023 жылы 24,4 миллиард шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын айтты
Қазақстандағы қала әкімдері шетелден инвестор тартуда артта қалып келеді. Премьер-министр Әлихан Смайылов Президенттің пәрменін орындай алмай жатқан өңір басшыларын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өткен жылдың қорытындысын тыңдаған Үкімет басшысы, инвестиция тарту бойынша 1-2 пайыз деген көрсеткішке көңілі толмайтынын жеткізді. Өңірлер арасында Ұлытау, Атырау және Жамбыл облысы аутсайдер болып отыр екен.
«Инвестиция тарту ісі 10 пайыздан жоғары болуы керек. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша 8 пайыз өстік. Биыл жоғарыда айтқан көрсеткішке өсуіміз керек. «1, 0,5, 2 процент деген сөз» жұмыс дұрыс атқарылмай жатқанын білдіреді», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов 2023 жылы экономикаға кемінде 24,4 миллиард шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын айтты. Сондай-ақ ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Жиын соңында Премьер-министр өңір басшылары мен министрлер айтылған сыннан нәтиже шығарып, өткен жылғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдау керегін атап өтті.