Елімізде 6 айда ішкі сауда көлемі артып, тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жеткен
Елімізде 6 айда ішкі сауда көлемі артып, тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жеткен. Министрліктегілердің мәліметінше, салаға 282,4 млрд теңге инвестиция құйылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
27 жастағы Әли – Талдықорғандағы ең танымал саудагерлердің бірі. Оның жеміс-жидек дүкенінің алдында үнемі ұзын-сонар кезек тұрады. Әлиді арнайы іздеп келіп сауда жасайтындар өте көп, тұтынушыларды тауарын өлеңмен жарнамалаған ол ықыласпен қызмет көрсетіп, баурап алған.
– Зейнетақымды алған соң арнайы Әлиге келемін. Таразысы дұрыс, нақты есептейді, – деді қала тұрғыны Бағдагүл Қасенова.
– Әлиден ғана тауар сатып аламын. Ол – позитивті, ақкөңіл адам. Аурасы, энергиясы жағымды, – деді қала тұрғыны Татьяна Шелкопляс.
Соңғы кезде Әлиді кәсібіне жарнама жасап беру үшін шақыратындар көбейген. Ол – саудагер ғана емес, әлеуметтік желідегі парақшасында 130 мыңнан аса оқырманы бар танымал блогер. Бүгінде миллиондап табыс тауып отырған жігіт ісін ұлтарақтай ғана жерде көкөніс сатудан бастаған.
– Сауда жасаған қатты ұнайды. Көлік, үй алдым. Мемлекет тарапынан көмек болса, неге жұмыс істемеске? Бизнесімді дамытуды жоспарлап жүрмын, – деді саудагер Әли Мұхаммед.
Спортшы Жұмахан Күзбаевтың да жеке кәсібі бар. Ол отыз жылдан бері саудамен айналысып келеді. Алғаш базарда ұн сатудан бастаған саудагер бүгінде дүкен мен мейрамхана ісін жүргізіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр.
– Отбасыммен бірге жұмыс істеп, еңбек еткеннің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмыз, – деді кәсіпкер Жұмахан Күзбаев.
Отандық кәсіпкерлердің 36 пайызы сауда саласында, яғни 1,5 млн адам жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, ішкі-сыртқы сауда дамыған сайын экономикаға түсер пайда көбеймек.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Еңбекпен еленген әулет: Тұрғановтар табиғатты ширек ғасырдан бері қорғап келеді