Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы электрондық сауда көлемі шамамен 1 триллион теңгеге жеткен
Онлайн дүкендер арқылы қазақстандықтар смартфон көп сатып алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы электрондық сауда көлемі шамамен 1 триллион теңгеге жеткен. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Astana Finance Days 5-пленарлық сессиясында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Оның айтуынша, онлайн-сатылымдардың сұранысқа ие болуына коронавирус пандемиясы әсер етіпті. Бұл ретте, министр барлық кәсіпорындарды жедел жаңғырту мен цифрландыруға көшіру қажеттілігі туындап отырғанын тілге тек етті.
«Технологиялық жаңғырту, цифрлық платформалардың мүмкіндіктері, жасанды интеллект, өндірісті автоматтандыру – кадр даярлауды, трансформациялауды және адами капиталды дамытуды талап етеді. Бұл ретте IT-құзыреттері бар кадрларды дайындап қана қоймай, жұмыс істейтін азаматтардың дағдыcын цифрландыруға бейімдеу, олардың сауаттылығын арттыру маңызды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Ал Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай азық-түлік шикізатын уақытылы жеткізу, өңдеу және өсіру қиындап бара жатқанын айтады. Оған пандемия және геосаяси тұрақсыздық бірден-бір себеп болып отыр. Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде тек тауардың бағасына ғана қатысты мәселе туындап отырған жоқ. Алдымен үкімет инфрақұрылымға қаржы құюы керек деп санайды.
«Қазіргі экономикалық жағдайда, пандемиядан кейінгі, сондай-ақ геосаяси жаңа жағдайға байланысты қазіргі таңда кіші және орта бизнестің цифрландыруы – экономиканың дамуына қандай әсер етеді? Кейбір платформалар өте қымбат болады. Оған кіші және орта өнеркәсіп қолжетімді бола бермейді. Бұл жерде сол Үкіметтің қолдауы керек болып қалар», – деді АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай.