Алматыда банк өкілдері мен қаржыгерлердің халықаралық форумы басталды

28.10.2021 20:34

Екі күнге жалғасатын форумға әлемнің 30-ға жуық елінен қаржы саласындағы жетекші компаниялар арнайы келіп отыр

Almaty.tv

Алматыда «Шекарасыз финтех. Цифрлық Еуразия» халықаралық форумы басталды. Сарапшылардың айтуынша, бұл – жаһанды пандемия жайлағалы бері банктер арасында ұйымдастырылған алғашқы ауқымды іс-шара, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Екі күнге жалғасатын форумға әлемнің 30-ға жуық елінен банк өкілдері мен қаржы саласындағы жетекші компаниялар арнайы келіп отыр. Онда қатысушылар назарына банк жүйесіндегі пластикалық карта түрлері, автоматтандырылған банкоматтар мен терминалдар сынды заманауи инновациялар ұсынылды. 

«Іс-шарамыздың негізгі міндеті – Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту. Сондықтан осы алаңда қаржылық технологиялар, банктік ритейл, электрондық коммерция бағытындағы ең негізгі қатысушыларды жинадық. Бұл іс-шараға ең ауқымды деген банктердің топ менеджерлері қатысып жатыр», – деді ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Константин Гризов.

Форумға қатысушылар қаржы саласында үлкен жетістікке жеткен компания өкілдерінің кеңестерін тыңдауға мүмкіндік алды. Олар банктердегі киберқауіпсіздік, пандемиядан кейін қайта аяқтан тұру, цифрлық валюта сынды тақырыптарды тілге тиек етті. Мамандардың айтуынша, Қазақстан банк саласындағы цифрлық технологиялар бойынша әлемде алдыңғы қатарда.  

«Біз Батыс Еуропа мен Орталық Азияда жұмыс істейміз. Қазақстан банк қызметтерінің барлық трендтері бойынша алда келе жатқанын айта аламын. Бұл елдегі барлық қаржы мекемесі заманауи технологияларға ие. Тіпті, Батыс Еуропадағыдан әлдеқайда ілгері. Себебі Қазақстанның өзіне тән икемділігі бар. Бұл тұрғыдан басқа елдердің үйренері көп дер едім», – деді банкинг үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді құруға маманданған халықаралық компания бас директорының орынбасары Томас Аугуцявичюс.