Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланған

04.04.2020 15:13

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин өңірлерге құрылыс жұмыстарын уақытылы бастауды тапсырды

tengrinews.kz

Биыл әлемдегі пандемияға қарамастан елімізде 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлерге құрылыс жұмыстарын уақытылы бастауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұдан бөлек, үкімет отырысында суармалы жерлер мәселесі де талқыға салынды. Анықталғаны, суармалы жерлерді айналымға енгізу ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Құрылыс қарқынын ұлғайту, халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Бұл қазіргі жағдайдағы Үкіметтің ең маңызды міндеті, деп қадап айтты Үкімет басшысы. Сондықтан да биыл 30 мыңнан астам отбасын баспанамен қамту көзделіп отыр.

«Бүгінде құрылыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді. Осы жылы шамамен 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Мемлекеттік бағдарламаның маңызды бөлігі – әлеуметтік бағыты. Биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтар, аз қамтылғандар, жастар және бюджеттік ұйымдар қызметкерлері қатарынан 32 мыңнан аса отбасын жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен қамтамасыз ету жоспарланған», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен әкімдіктер жоспарланған тұрғын үй көлемін пайдалануға тапсыруды, әрі бөлінген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. Анықталғаны, құрылыс орындарына инженерлік инфрақұрылым жеткізу бойынша 7 өңір ғана жобаларды іске асыруды бастаған. Бұл – Атырау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстары. Бүгінгі отырыста Асқар Мамин, сондай-ақ, суармалы егіс алқаптарына қатысты бірқатар тапсырма да жүктеді.

«Ирригациялық инфрақұрылымды дамыту мен жаңғырту жобаларын іске асыру 2020-2021 жылдары қосымша 500 мыңдай гектар суармалы жерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұған 274 млрд теңге көзделген. 88 мың жұмыс орны құрылады. Оған құрылыс және жөндеу жұмыстары кезіндегі 11 мың жұмыс орны және 77 мың тұрақты жұмыс орны кіреді», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Үкімет басшысы суармалы жерлердің инфрақұрылымын ауқымды түрде кеңейту агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға елеулі серпін беретінін алға тартады. Айтуынша, қабылданатын шаралар 2024 жылға қарай жеміс-көкөніс өнімдері бойынша импортты жүз пайыз алмастыруға мүмкіндік бермек. Белгілісі, аталған жерлердегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі жылына 165 млрд теңгені құрайды. Бұл өз кезегінде сауда, өнімді қайта өңдеу, мал шаруашылығы салаларында одан әрі мультипликативтік әсер етеді. Ал жобаларды іске асыру үшін қаражат халықаралық қаржы институттарынан да, республикалық бюджеттен де бөлінетін болады.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, Алматы арнасы, Нұр-Сұлтаннан