Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 7,4 пайызға төмендеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Еуразиялық экономикалық одақ аясында 10 пайыз төмендеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның сыртқы тауар айналымы алғашқы жарты жылдықта 7,4 пайызға төмендеген.  Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясында 10 пайыз төмендеген. Бұған әлемдегі сауданың жалпылай тежелуі себеп. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік кездесуде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, ол сауда-саттықты көршілес елдермен жүргізіп, Еуразиялық экономикалық одаққа ден қою қажеттілігін жеткізді.

Сауда және интеграция министрі еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымының бәсеңсігенін алға тартады. Айтуынша, пандемия салдарынан ол 3 пайызға төмендеген.

«Еуроодақта мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналым барлық сауданың 63 пайызын құрап отыр. Өкінішке қарай, Еуразиялық одақ ішіндегі тауар айналым небәрі 14 пайызды құрайды. Ал пандемия салдарынан 11 пайызға дейін түсіп кеткен», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан адам тығыздылығы төмен үлкен мемлекет. Ал қалалар бір-бірінен және сыртқы нарықтардан алшақ орналасқанын алға тартады. Сондықтан бәсекеге қабілетті өнім шығарып қана қоймай, оны шетелге экспорттау мәселесі де өзекті.

«Мәселен, Еуропа немесе Америкаға, яғни алысқа жеткізу керек. Ал, осынау ұзақ жерге тек тарсалалық тауарларды жеткізу ғана тиімді. Мәселен, бізде шығыста шығарылатын әуеқұрылысы үшін құрамдас бөлшектер немесе тепловоздарды шығаруға болады. Сондықтан сауда-саттықты шекаралас мемлекеттермен жүргізген тиімді», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.  

Есептік кездесуде министр, сондай-ақ, ұлттық тауар өткізуші жүйесі құрылып жатқанын айтты. Фермерлер, сатып алушылар, көлік қызметкерлері, делдал мен ритейлер бірыңғай кластерге біріктірілмек. Осылайша өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізуді қамтып, өнімді сақтауға, тиімді бөлуге қолайлы жағдай жасалатын болады. Нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын 45 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі тумақ. Ал бұл тұтынушылар үшін жылына 60 млрд теңге шамасында үнемдеуге ықпал етеді, – деп жеткізді Бақыт Сұлтанов.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров