Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының 322 млрд теңгесі жұмсалған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай режимі кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға төленген 42 500 теңге әлеуметтік көмек енді берілмейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Айқын газеіне сілеме жасап.
«Енді 42 500 теңге төленбейді. Оны жоспарлап та отырған жоқпыз. 42 500 әлеуметтік төлеміне бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін сату есебінен түскен қаражат пайдаланылған болатын», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Министр бұл жұмыстардың барысында Еңбек министрлігіне еліміздің Ұлттық банкі көмек көрсеткендігін баса айтты.
«Бұл тұрғыда бізге Ұлттық банк көп көмегін көрсетті. Ол қор активтерін сату, қаржы құралдарын жабу арқылы қажетті ақша қаражатын босатып берді. Соның арқасында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 322 млрд теңге активін жұмсап, 4 млн 607 мың адам 42 500 теңгеден алды. Сол себепті бүгінгі күні Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық мүмкіндігі шектеліп отыр. Егер ахуалға байланысты қандай да бір төлемдер жасау қажеттілігі туындап жататын болса, онда басқа қаржы көздері табылып қалар», – деді Біржан Нұрымбетов.