Премьер-министр елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын айтты
Орта бизнес - өңдеуші саланың драйверіне айналуы керек. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы кәсіпкерлермен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алқалы отырыста елдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Олардың қатарында қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру, индустриялық аймақтар мен индустриялық парктерді дамыту бастамалары бар. Бұл ретте «Атамекен» палатасының өкілдері кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге бағытталған жаңа жоба-жоспарларды таныстырды. Оның ақпарынша, қазір бизнесмендердің құқығын қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде кәсіпкерлерге қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталып, мемлекеттік бақылау автоматтандырылмақ.
– ҚР Премьер-министрінің қатысуымен өткен орта бизнеске қатысты кездесу, онда көтерілген сұрақтар өзекті болды. Біз, ІТ саласындағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, қазіргі таңда өндіріспен айналысуға бет бұрып жатырмыз. Өзекті мәселелер көтеріліп, осы арада шешіліп жатыр, – деді кәсіпкер Шыңғыс Құлахметов
Жиында Премьер-министр елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын айтты. Мемлекет басшысы тапсырған экономиканы дамыту жолында өздеріне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» керек екенін атап өтті. «Сондықтан орта бизнестен зор үміт күтіп отырмыз» деді Әлихан Смайылов.