Елімізде тері өңдеу өндірісі тұралап тұр. Өткен жылы 2,8 млн дана тері қалдық күйінде бос қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауыл шаруашылығы министрі қазіргі таңда аталған салаға сұраныс мүлде төмендеп кеткенін хабарлайды. Шаруаның шатқаяқтауын бірқатар факторлармен байланыстырып отыр. Алғашқысы – экспорттық баж салығы. Бұған дейін былғары шикізатын шетелге шығару үшін тоннасы 200 еуро алынып келген. Бұл шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолайсыз. Сондықтан аталған төлем түрі үшін алынып тасталды деді Ербол Қарашөкеев. Биылдан бастап өнеркәсіптегі өндірісті өрістетуге бағытталған қос жоба іске асырылмақ.
«Жыл сайын Қазақстанда 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі. Оның тек 33%-ы немесе 13,3 мың тоннасын өңдеуге пайдалануға болады. Жүннің 67%-ы қылшық және жартылай қылшықты жүн. Ол іс жүзінде өңделмейді және тоқыма өнеркәсібінде сұранысы жоқ. Біз саланы дамыту үшін екі жобаны іске асырмақпыз. Біріншісі - жалпы қуаты 12 мың тонналық ірі қара малдың терісін өңдеп желатин өндіретін 3 инвестициялық жоба. Екіншісі - 2,2 мың тонна көлемінде азықтық қоспаларды өндіру үшін ұсақ мал терісін өңдейтін жоба», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.