Алматыда күніне 5 мың COVID-19 инфекциясын анықтайтын тест жасау жоспарланып отыр
Алматыда күніне 5 мың COVID-19 инфекциясын анықтайтын тест жасау жоспарланып отыр. Бұл мәселе шаhар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жетекшілігімен өткен қалалық қоғамдық кеңестің эпидемиологиялық жағдайға байланысты видео-конференциясында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екі жарым сағатқа созылған онлайн жиын барысында карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету және қала экономикасын тұрақтандыру жайы сөз болды. Бүгінде қалада 122 мыңнан астам адам тексерістен өткен. Нәтижесінде сараптаманың 1909-ы расталыпты. Қалада зертханалар қызметінің барлығы іске қосылып, саны 2-ден 7-ге дейін артқан. Оған қоса қосымша жылжымалы қабылдау пунктері ашылмақ. Одан бөлек, онлайн жиында карантиннен кейінгі қаланың экономикалық даму үдерісі де тілге тиек етілді.
«Негізгі шығынға ұшыраған екі сала деп отыр. Ол – сауда, көлік. Қалған салалар жақсы жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жақсы істеп жатыр. Өнеркәсіп жұмысын тоқтатқан жоқ. Соған байланысты енді мына алдындағы жоспарлар жоғары жақтан келген көмектер бар. Жетпеген ақшаны біз қазір қосымша 80 млрд ақша келді. Сондықтан ешқандай қауіп жоқ», – деді РАХМАН АЛШАНОВ ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ
Сонымен қатар, қала басшысы медицина қызметкерлері мен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын айтты. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен дәрігерлерді демеуге арналған кешенді жүйе құрылған. Медициналық мекемелер жеке қорғаныс құралдары және дезинфекциялық заттармен қамтылған. Қазынадан 3769 ақ халатты абзал жанға наурыз айында 1 миллиард 135 миллионға жуық, ал сәуірде 4391 медицина қызметкеріне 1 жарым миллиардтан астам теңге үстемақы төленген.