Озық технология, дамыған өндіріс. Өнімдерін бірнеше елге экспорттап жатқан зауыттар. Бүгін еңбегі еленіп, үздік өнім шығарған алпауыт компаниялар «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталды. Ал, жеңімпаздарға жүлдені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шара басында сөз алған Мемлекет басшысы ең алдымен жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұдан соң Президент индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдары елімізде 1300 жаңа өндіріс ошағы ашылғанын айтты. Экспорт көлемі 165 миллиард долларға дейін жеткен. Ал Қазақстанда жасалған өнімдер бүгін әлемнің 120 мемлекетіне экспортталуда.
«Ел экономикасы артқан сайын, іргесі де берік бола түспек. Ал бұған өндіріс көлемін арттыру арқылы қол жеткіземіз. Дағдарыс кезінде индустрияландыру экономика дамуына серпін бергені анық. Сегіз жылда 85 жаңа позиция бойынша тауар өндіріп келеміз. Бұл – рельстер, радиаторлар, алюминий құйындылары. Еліміз титан өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Автомобиль құрылысының көлемі 8 есеге артты. Егер 2010 жылы 4 мың көлік шығарылса, биыл 38 мың болып отыр», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Бұдан соң Мемлекет басшысы жеңімпаздарды «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттады. Алматы қаласындағы Ауыр машина жасау зауыты – «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша сыйлыққа ие болған өндірістік ошақтардың бірі. Зауыт іргесі сонау 1941 жылы қаланған. Кәсіпорын теміржол вагондарына және мұнайгаз саласына қажетті құрал-жабдықтар шығарумен айналысады. Өнімнің 60 пайызынан астамын Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және алыс шетелге экспорттайды.
«Зауыттың ашылғанына 78 жыл болды. Кеңес кезінен бері қандай орын алмадық «Парызды» да алдық, «Үздік тауарды» алдық. «Алтын сапаны» берген комиссияға рахмет! Біз өнеркәсіпті қалай қалыптастыру керектігін жақсы білеміз!», – деді Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Жетпісбай ЕДІГЕНОВ.