Жобаны әзірлеу кезінде Ресей, Мажарстан, Аустралия және Үндістан тәжірибесі ескерілмек
Қазақстанда экспорттық-кредиттік агенттік құрылады. Заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елдегі экспорт әлеуеті көңіл көншітпей тұрғаны рас. Мұны бүгін мәжілісмендер де талқыға салды. Төменгі палата өкілдеріне таныстырылған жаңа заң жобасы шетелдің отандық өнімге деген сұранысын арттыруға бағытталып отыр. Бастама сәтті іске асса, 2025 жылы елдегі шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 41 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп жоспарланған. Жобаны әзірлеу кезінде өзге мемлекеттердің тәжірибесі ескерілмек.
– Заң жобалау қызметі мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия жобасының тұжырымдамасын мақұлдады. Ресей, Венгрия, Австралия және Үндістандағы экспорттық-кредиттік агенттік қызметінің халықаралық тәжірибесіне талдау жүргізілді. Ол ЭКА экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті, – деді деді ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев.
Мәжіліс мінберінде депутаттар көтерген өзекті мәселе көп. Соның бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Асхат Аймағамбетов «бастаманың енгізілгеніне бірнеше жыл өтсе де, әлі күнге шикі күйінде» дейді. Басы ауырып, балтыры сыздаған халық осы жүйе арқылы ем алайын десе, кемі 3 ай күтеді. Ал оның ақылы түрін таңдаса, кезек күттірмей қабылдайды. Ол денсаулық сақтаудағы жүйені пысықтаған жөн деп ұсыныс білдірді.
– Шұғыл жағдай болса, науқасты міндетті көмек көрсету шарты бойынша кез келген ауруханада қабылдау керек. Бірақ көмек көрсетілмейді. Азаматтардың өміріне қауіп төніп түр. Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі мен МӘМС пакеті шатысып кеткендіктен, жергілікті дәрігерлер дер кезінде көмек көрсете алмай отыр, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Депутаттар балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге медициналық кастрация жасау керек деп те ұсыныс айтты. Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев «бостандығын шектеу» жазасы оларға аздық етеді» деді. Депутаттық сауалында ол жеткіншектерге қарсы қылмыстың көбейгенін жеткізді.
– Халықтың еті қылмыстарға үйренбеуі керек. Сондықтан біз бүгінгі депутаттық сауал арқылы қоғамның назарын бала құқығын қорғау мәселесіне аударуды жөн көріп отырмыз. Мәселен, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Күнде кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Алдағы көктемде елде тұқым тапшылығы туындауы мүмкін. Бүгінде астық алқаптарының 28%-ы ғана жиналған. Көрсеткіш өткен жылдан 2 есеге төмен. Жаз бойы құрғақшылықтан әуре сарсаңға түскен шаруалар енді егін жинау кезінде жауыннан көз аша алмай отыр. Дала диқандарының дабылын жеткізген мәжілісмендер оларға қосымша қолдау керегін айтты.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Үкімет отырысы онлайн форматқа көшеді