Қазақстандықтардың табысын арттыруға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр

19.02.2022 00:06

Бұл туралы ел Премьер-министрі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезінде мәлім етті

Фото: tengrinews.kz

Қазақстандықтардың табысын арттыруға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы ел Премьер-министрі Әлихан Смайылов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезінде мәлім етті. Оның ішінде жұмыспен қамту ісін жалғастыру, индустриялық және ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру жоспары бар. Бұдан өзге, жиында Үкімет пен бизнес бірлесіп қандай жұмыстар жүргізетіні, кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетілетіні талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

Алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа президиум төрағасы сайланды. Енді палатаны Райымбек Баталов басқарады. Съезге қатысушылардың 248-і оның кандидатурасын қолдады, 9 адам қарсы шықты және 38 қатысушы дауыс беруден бас тартты. Ал бүған дейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы болған Абылай Мырзахметов қызметтен өз еркімен бас тартты.

«Қазіргі елдегі жағдай баршаңызға мәлім. Соңғы 1 айдың ішінде өміріміз айтарлықтай өзгерді. Жаңа Қазақстанда өмір сүріп отырмыз. Ал кәсіпкерлер – Жаңа Қазақстанды дамытудағы негізгі күш. Мемлекет басшысы да кәсіпкерлерге үлкен үміт артып отыр. Мен бүгінгі кезектен тыс съездің алдында басқарма төрағасы ретінде құзыретімді тапсыратынымды айтқым келіп отыр», - деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов (2013-2022 жж.).

Одан кейін кәсіпкерлік саласындағы кемшіліктер сараланып, мақсаттар айқындалды. Премьер-министр Әлихан Смайылов отандық бизнестің дамуына кедергі келтіретін жайттарды атады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты реттеуші актілері жеңілдей түседі.

«Бүгінгі таңда бизнестің дамуына реттеуші жүйе және шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі болып отыр. Бизнеске түсетін жүктемені азайту үшін жақында кәсіпкерлік саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заң қабылданды. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, қоғамдық тамақтану, тұру және тамақтану сияқты салалар бойынша реттеуші актілер мен бизнеске қойылатын талаптарды талдау бойынша жұмысты бастады», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, қазір кәсіпкерлік саласындағы өзекті проблемаларды шешіп, қазақстандық бизнестің одан әрі өркендеуіне жол ашу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнеске қатысты карантиндік шараны жеңілдету қайта қаралады. Сондай-ақ тарифтерді, оның ішінде көлік және логистика саласындағы табиғи монополистердің қызметтеріне төмендету шарасы қабылданған.

«Қазіргі уақытта Үкімет қаңтар айындағы оқиғалар барысында шағын және орта бизнеске келген мүліктік зиянды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Халықтың табысын арттырудың арнайы бағдарламасы әзірленуде. Оның ішінде жұмыспен қамту ісін жалғастыру, индустриялық және ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру жоспары бар. Сонымен қатар өндірісті технологиялық жаңғырту, халық кірісіндегі теңгерімсіздікті теңестіру және адами капиталды дамыту жөніндегі шаралар жоспарланып отыр», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорында сатып алудың жаңа тәртібі әзірленгені айтылды. Ол бірінші кезекте сатып алудың ашықтығын арттыруға және оңайлатуға, жергілікті өндірушілер мен жеткізушілерді қолдауға бағытталған. Бұл шаралар 10 мың шағын және орта бизнес субъектісіне көмектесуге мүмкіндік береді. Отандық тауар өндірушілерден 400 млрд теңгеге шамамен 10 мың тауар позициясы сатып алынады деп жоспарлануда.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан