Нақты алгоритм әлі жасалған жоқ
Жаңадан жасақталған Қазақстан Үкіметі қосымша құн салығын өсіруден бас тартпақ. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов құн салығын 16 процентке көтеру шешімін сынап, мұндай қадам бизнес пен тұтынушының қалтасына ауыр тиетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет отырысы жаңадан тағайындалған төрт министрдің ант беруімен басталды. Биылғы қаңтар айындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына тоқталды. Бір ай ішінде экономикамыз 3,9 пайызға өскен. Алайда тартылып жатқан инвестиция көлемі көңіл көншітпейді. Мәселен қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6 пайызға жоғарлаған. Олжас Бектенов инвестициялық штаб жұмысын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар Бектенов қосымша құн салығын өсіріп, экономиканы көтеруден бас тартатынын мәлімдеді.
– Қосылған құны салығы, яғни, НДС ставкасы көтерілмейді. Бюджет басқа кірістерін іздеп табуымыз керек. Ұлттық экономика және қаржы министрліктері республикалық бюджет шығысы мен кірісін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі қажет, – деді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов.
Қосымша құн салығы 12 пайыз болып қалады. Қаржы министрі Мәди Тәкиев егер қосымша құн салығы көтерілсе, бұдан бизнес те, тұтынушы да зардап шегетінін айтты.
– Бизнеске қосымша салық боп түседі. Бизнеске ғана емес, қарапайым халық үшін де баға көтеріледі. Оның инфляцияға да кішкене әсері бар, – деді ҚР қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Мобильді аударымдар бойынша да мәселе қайтадан қаралатын болды. Бірақ 3 айда 100 аударым бақыланады. Тек белгіленген межеден асқан жағдайда, азаматтың жеке кәсіпкер екені анықталса, оған салынатын салық түрлері өзгереді.
– Маған оны тағы бір рет қарау туралы тапсырма берілген. Қаржылық-экономикалық блоктың ішінде бұл мәселені қарастырамыз. Өлшем шартын, тетіктерін әлі де егжей-тегжейлі тексереміз. Бұл сұраққа қайта ораламыз, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Олжас Бектенов бастаған министрлер кабинеті арба сынбайтын, өгіз өлмейтін шешім шығарамыз деп бекініп отыр. Оның үстіне биыл ел экономикасының өсімін 6 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін Үкімет басшысы «мемлекеттік шығыстарды толық игеріп, өңдеу өнеркәсібі мен көлік салаларындағы инвестициялық жобаларды қарқынды жүзеге асыруымыз керек» дейді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді — Олжас Бектенов