Ұлттық спорт пен киноны дамытуға бюджеттен бөлінген қыруар қаржы игерілмей қалған. Бұл мәселені Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев көтердіғ деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәселен, өткен жылы отандық фильмдерді қолдау мен дамытуға Ұлттық қордан 3,3 миллиард теңге аударылған еді. Алайда осы ақшаның тек 34 пайызы ғана пайдаға асқан.
«Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға 1,7 миллиард теңге бөлінген болатын. Осы соманың жартысы игерілмей қалды. Қыруар қаржы мақсатты түрде бөлінген, бірақ жартысы игерілмеді», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев Кіші Арал мәселесіне алаңдаушылық танытты. Сенат спикері аталған аймақтағы судың деңгейі төмендесе, жағдайдың апатқа дейін жететінін қатаң ескертті. Бүгінде бөгеттің 200 метрі шайылып кеткен, сондықтан тез арада күрделі жөндеу жұмыстарына 5 миллиард теңге қаржы табу керек.
«Қызылорда әкімдігі 5 миллиард теңге сұрап отыр. Енді ондай стратегиялық сұрақ үшін бұл көп қаржы емес шығар. Биыл олар 500 миллион сұрап отыр. Соны экология министрлігінің резервінен қарастырайық. Бірақ күзде келесі жылдың бюджетін қарағанда қалған соманы толық беруге тырысайық», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.