Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты
Қазақстан жыл сайын алыс-жақын 36 елге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуы бойынша, еліміз айтарлықтай қуатты балық шаруашылығы қорына ие. Балық өнімдері нарығының жалпы көлемі өткен жылы шамамен 66 мың тонна болған. Қазақстан негізінен балықтың жон етін, кептіріліп-ысталған өнімдерді және балықтың мұздатылған етін сыртқа саудалайтыны белгілі болды. Ал, мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Алайда, қазақстандықтар балықты аз тұтынатынын айтты.
«Қазақстан балықты аз тұтынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық әлеуеті 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.