Елімізде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы өседі
Қазақстанда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы біршама өседі. Ол туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жанар-жағармай бағасы тежеледі. Ал ақылы қызметтердің инфляциясы 2021 жылдың жоғары базасына байланысты бәсеңдейді.
Үкімет басшысы инфляцияның өсіміне алаңдаушылық білдіріп отыр. Сөйтіп, тез арада тежеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Оның дерегінше мамыр айының қорытындысы бойынша, елдегі жылдық инфляция 14 пайыз болған.
«Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19 пайызға жетті. Бұған ең алдымен, азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі әсер етіп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді іс-шаралар қабылдауы тиіс», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Ал Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2022 жылдың соңында инфляция 13-15 пайыз деңгейінде болады. Дегенмен, Ғалымжан Пірматовтің айтуынша, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы өсуі мүмкін. Сонымен қатар сыртқы саяси жағдай да инфляцияның күрт көтерілуіне себеп болған.
«Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына жоғары қысым көрсетіп, олардың өсуі 11,1-ден 11,9 пайызға дейін жылдамдады. Ақылы қызметтердің инфляциясы реттелетін қызмет бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан 8,9-дан 9,1 пайызға дейін өсті», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Бұдан бөлек Үкімет отырысында биыл бюджеттің 58 млрд теңгесі игерілмей қалғаны айтылды.
«Атқарылмау 65 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7 млрд теңге - үнемделген, 58 млрд теңге игерілмей қалған. Игерілмеудің анағұрлым ірі сомалары Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, осы жылдың шілде айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфляция мен инвестиция мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.
Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы