Қазақстан Үкіметі 5 жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірледі. Ол туралы бүгін Үкімет отырсында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрдің айтуынша, болжам 2019 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректер, осы жылдың қаңтар-шілдесіндегі экономиканың даму қорытындылары сынды факторларды ескере отырып әзірленген. Әлемдік экономиканың өсуі бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары да қаперге алынған.
«Коронавирус індеті аясында биыл әлемдік экономика 4,9 пайызға төмендеп, 2021 жылы 5,4 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер де ескерілді. Халықаралық қаржы ұйымдарының 2021-2022 жылдарға арналған мұнай бағасына консенсус-болжамы бір барреліне тиісінше 45 және 55 долларын құрайды. Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер оң бағалауда. Moody's және FitchRatings рейтингтік агенттіктері Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Бұдан бөлек, әлеуметтік салаға 2021 жылы осы жылмен салыстырғанда 454 млрд, теңге өсіммен 7 трлн. теңге бөлу жоспарланғаны айтылды. Жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар санын ұлғайтуға қосымша 265 млрд. теңге бағыттау көзделіп отыр.
«Сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көтеру жолымен олардың мәртебесін арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық іс-шаралар жоспарланған. Экономика нақты секторының дамуын қолдауға 2021 жылға 1,7 трлн. теңге көзделді. Осы қаражат шеңберінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриялық-инновациялық даму мен «Бизнестің жол картасы - 2025» және тағы басқа бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.