Елімізде көмір бағасы 5% қымбаттады

02.11.2021 21:08

Биыл көмір өндіру көлемі артып отыр

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда екінші жыл қатарынан көмір бағасы өсіп келеді, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Биыл көмір өндіру көлемі артып отыр. Мәселен, қаңтар-қыркүйек айларында лигнит пен көмір концентратын қоса алғанда 82,1 миллион тонна тас көмір өндірілген болатын. Бұл былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 1,5 процентке артық. Соған қарамастан, көмір бағасы тағы көтерілді. 2021 жылы тас көмірдің орташа бағасы 5,1 процентке өсті.

Елдің 14 аймағында көмір бағасының өскені байқалып отыр. Шығыс Қазақстан облысында бір жыл ішінде 10,8 процентке қымбаттаса, Жамбыл мен Түркістан облыстарында 8,6 процентке көтерілген. Батыс Қазақстан облысында ғана биыл 1 процентке арзандады.

Бір ай бұрын ең қымбат көмір Орал қаласында болған. Ол жерде бір тоннасы 19,3 мың теңгеден сатылды. Таразда – 15,6 мың теңге, Түркістанда 15,3 мың теңге тұрған. Ал ең арзан көмір Семейде 9,8 мың теңгеден сатылған.

Айта кетері, Қазақстанда өндірілген көмірдің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі. Ол жерде биыл 47,9 миллион тонна өндірілген. Одан кейін Қарағанды облысы (27,7 млн тонна) мен Шығыс Қазақстан облысы (6 млн тонна) келеді.