7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді
ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова әлемде бидай мен ұнның қымбаттағанын, оның Қазақстан нарығына еш әсер етпейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Соңғы кездері БАҚ-та ұнның немесе нанның бағасының көтерілетіні туралы көп ақпарат таралуда. Ішкі нарықта бидайға немесе ұнға деген тапшылық жоқ. Әрине, әлемдік нарықта Ресей тарапынан салынған шектеуге байланысты бидай мен ұнға сұраныс артқаны белгілі. Осы себепті әлемдік нарықта бидай бағасы бірнеше есеге өскені байқалады. Оған қарамастан, біз ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорларында қажетті көлемде кез келген өңірдің өзінің физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес, сол халықты қажетті көлемде қамтамасыз ету үшін кепілді түрде тұрақтандыру қорларында қажетті көлемдегі ұн сатып аламыз», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Қазақстанда 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мыңға жуығы тұрақтандыру қорларында сақтаулы.
«Тұрақтандыру қорларының негізгі міндеттерінің бірі – бағаны тұрақтандыру. Яғни нарықта, Қазақстаның ішкі нарығы болсын, әлемдік нарық болсын, бидай немесе ұн бағасы қымбаттағанда аталған тұрақтандыру қорларында сақтаулы тұрған ұн ішкі нарықта арзандатылған бағамен сатылады. Одан бөлек, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервінде 800 мың тоннаға жуық астық сақталған. Оның 500 мың тоннасы резервтік қор болып саналады. Аталған қордың да негізгі мақсаты - ішкі нарықты тұрақтандыру немесе қандай да бір тапшылық туындаған кезде кепілді түрде ішкі нарықты бидаймен қамтамасыз ету. Сондықтан бидай немесе ұн бағасының әлемдік нарықта өсуі ішкі нарықта тікелей ұнның немесе нанның бағасының көтерілуіне әсер етеді деген пікір – қате. Елімізде ішкі нарықта мемлекет тарапынан қолданылып отырған бағаны тұрақтандыруға арналған арнайы бағдарламалар бар. Соның аясында әлеуметтік нанға және ұнға деген баға әрдайым тұрақты болады. Ішкі нарықта бидай қоры жеткілікті. Ішкі нарықта ұнның өндірісі үздіксіз жүргізіледі және күн сайын қажетті ұн көлемімен толықтырылып отырады», - деді Назгүл Хатепова.
Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған еді.
Өз кезегінде Айдарбек Сапаров елде ешқандай астық тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған. 7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді, оның ішінде: тұрақтандыру қорларында - 10,4 мың тонна, «айналым схемасы» аясында – 22 мың тонна, өндірушілерде – 48,6 мың тонна, қоймаларда – шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде – 18 мың тонна бар. Аталған көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті.