Сауд Арабиясы болып жатқан жағдайға байланысты кеңесу үшін ОПЕК+ отырысын өткізуді ұсынды
Мұнайдың әлемдік бағасы соңғы онжылдықта мұнай нарығының ең жылдам құлдырауынан кейін барреліне 30 доллардан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Келесі аптада ОПЕК+ келіссөздері болатыны анықталғаннан кейін бейсенбі күні Brent маркалы мұнай барреліне $32,05 дейін көтерілді. Әлемдегі коронавирус жағдайына байланысты 6 сәуір күнгі келіссөзді бейнеконференция түрінде өткізу туралы шешім қабылданды. АҚШ президенті Дональд Трамп мұнайдың әлемдік бағасын тұрақтандыруға көмектесетін Әр-Рияд пен Мәскеу арасындағы жаңа келісім жасалуы мүмкін екенінен үміттендіргеннен кейін Brent бағасы бірден өсіп кетті. Ресей мен Сауд Арабиясы Covid-19 пандемиясына байланысты энерготасымалдаушыларға сұраныс төмендеп кеткеніне қарамастан нарықтағы үлесін арттыруға тырысып, күреске дайындалып жатқандықтан мұнай бағасы 18 жылдық төменгі көрсеткіш, яғни барреліне $23 төмендеді.
Бейсенбі күні Трамп өзінің ресми Twitter парақшасында Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманмен сөйлесіп, Әр-Рияд пен Мәскеу өндірісті күніне 15 млн баррельге қысқартады деп күткенін жазды. Сол күні Сауд Арабиясы болып жатқан жағдайға байланысты кеңесу үшін ОПЕК+ отырысын өткізуді ұсынды.