Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты. Кеше ғана Президент Жолдауында кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ кредиттер бойынша шекті ставкаларды саралау және төмендету бағытында қосымша реттеу шараларын қабылдауды тапсырған еді. Әбілқасымованың сөзінше, микроқаржылық қызметті реттеу – тұтынушылардың, әсіресе табысы төмен әрі банктен кредит ала алмайтын азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды. Үкімет отырысында талқыланған өзге де өзекті мәселелер жөнінде Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек толықтырады.
Шенеуніктер мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Бүгін Үкімет отырысында Президент тапсырмасы қалай орындалатыны талқыланды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова енді ломбардтардың меншікті капиталына қойылатын талаптар күшейтілетінін айтты. Барлық банктік емес ұйымдар есепке алынады. Бүгінгі күні 3 мыңнан астам микрокредиттеу субъектісінің ішінен 227 микроқаржы ұйымы, 202 кредиттік серіктестік және 650 ломбард қана есептік тіркеуден өткен. Ал қалған субъектілер жұмыс істемейді немесе қызметін тоқтатуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар 12 500-ге жуық кредит алушы карантин шараларын енгізуден зардап шеккен салаларда қызметін жүзеге асырып жатқаны айтылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында агенттік Үкіметпен бірлесіп «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының талаптары бойынша экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды жылдық 6 пайызға дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етеді. Субсидиялау төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап, яғни осы жылғы 16 наурыздан бастап 12 ай кезеңге беріледі», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өз қаражатына типтік жобамен баспана тұрғызатын ауылдардағы жұмыс берушінің шығындары субсидияланатыны айтылды. Бүгінгі күні еліміздегі 6 мыңнан астам ауылдың 3,5 мыңының болашағы жарқын саналады. Тағы бір жаңалық – жеке үй салу үшін 40 мың жер учаскесіне коммуникация тартылады.
«Кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін тезірек шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасында жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігін қарастыру ұсынылады. Бұл үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй құрылысына қарастырылған қаражатты қайта бағыттау ұсынылып отыр. Шамамен 100 мың азаматқа қолдау көрсетіледі», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Ал, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ұлттық жоба әзірленбек. Онда ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, ауыл халқының табысын өсіру, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту көзделген.
«Келесі «бесжылдыққа» арналған жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Жұмыс тобын құрды. Оның құрамына қоғамдық салалық қауымдастықтар мен одақтардың басшылары, ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы халықаралық сарапшылар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ бизнес пен аграрлық ғылым өкілдері кірді. Жұмыс тобының мақсаты – жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасын дайындау. Нақ осы тұжырымдама бағдарламалық құжаттың негізін құрайды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық саласы бойынша 11 міндетті айқындады. Соның бірі медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру. Ол үшін қазынадан қомақты қаражат бөлінбек.
«Мемлекет басшысы биылдан бастап дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жалақысын кезең-кезеңімен көтеру және 2023 жылға қарай оны экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге арттыру тапсырмасын жүктеді. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасында аталған шығыстар қарастырылған. 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге арналған шығыстардың жалпы сомасы 2021 жылы 222,3 млрд теңгені, 2022 жылы 361,7 млрд теңгені, ал 2023 жылы 557,5 млрд теңгені құрайды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
2021 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 500 төсек орынды инфекциялық ауруларды емдейтін 2 көп бейінді ғылыми-зерттеу орталығы салынады. Бұған қоса аймақтарда 13 жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысы жүргізіледі. Ал 2025 жылы 20 ірі заманауи медициналық орталықтар тұрғызылады деді деп баяндады Алексей Цой.