Агенттік өкілдерінің айтуынша, коллекторлық ұйымдардың 99 пайызы борышкерге жеңілдік береді
Қарапайым халыққа қаржылық сауаттылықты түсіндіру керек. Бұл мәселе Қазақстан коллекторлар агенттіктерінің конференциясында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін ұлттық коллекторлар палатасының құрамындағы 68 агенттіктен өкіл келіп, өз саласындағы қиындықтарды шешу жолын іздеді. Ұлттық коллекторлар палатасының ұйытқы болуымен өткен іс-шара елімізде алғаш рет өтіп отыр. Ұйымдастырушылар конференцияны жыл сайынғы дәстүрге айналдырмақ.
«Ең өзекті мәселе – коллектор қарызды бір төлеммен төлегенін талап ету. Өйткені ол – кредитордың жаңағы микроқаржылық ұйымдардың, екінші дәрежелелі банктердің қойған талабы», – деді Қазақстан ұлттық коллекторлар палатасының төрайымы Назгүл Естеусізова.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, коллекторлық ұйымдардың 99 пайызы борышкерге жеңілдік береді. Қарыз алушыға мемлекет тарапынан көрсетілетін заңды көмек те аз емес. Сонымен қатар спикерлер конференция барысында өзін коллектор деп таныстыратын алаяқтардың мәселесін де сөз етті.
«Мойындау керек бұл салада шешілмеген мәселе өте көп. Қаржылық нарықты реттеп отырған агенттіктің арқасында коллекторлардың да, микроқаржы ұйымдарының да мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Әрине, екі ұйым бір-бірімен тығыз жұмыс істеп отырғандықтан, біз де қалыс қалмаймыз. Нарық жағдайын жақсартуға атсалысып жатырмыз», – деді Микроқаржылық ұйымдар ассоциациясының директоры Ербол Омарханов.