Астанада дүниежүзілік сауда орталығы салынады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ғимараттың құрылыс жобасын мақұлдады. Бұл Президенттің халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының басқарма мүшесі Рольф Драак және «Nest Investments HOLDINGS» компаниясының корпоративтік инвестициялар жөніндегі директоры Мехран Эфтехармен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Нысан толықтай шетел инвестициясы есебінен бой көтереді. Мемлекет басшысы бүгінгі кездесудің былтыр Брюссельде өткен Қазақстан-Еуропа бизнес форумы алаңындағы келіссөздердің жалғасы екенін атап өтті.
«Біз сіздермен Брюссельде кездесіп, ұсыныстарыңызды талқылап, тағы да кездесу өткізу жөнінде уағдаласқан едік. Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының мұндай жобаларды жүзеге асыру ісіндегі мол тәжірибесін ескере отырып, біздің ынтымақтастығымыз екі тарапқа да жемісті болады деп ойлаймын. Бұл жоба елордамыздың сәулетіне сай келіп, оның ажарын аша түскенін қалар едім», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының басқарма мүшесі Рольф Драак кездесуге және елордада жаңа нысан салу жөніндегі жобаны талқылауға мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді. Ал «Nest Investments HOLDINGS» компаниясының корпоративтік инвестициялар жөніндегі директоры Мехран Эфтехар өз компаниясы үшін сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үдерісінде Астананың стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін айтты.