Жалпы, былтыр және биылғы 10 он айда еліміздің мемлекеттік кірістер органдарында 122 құқық бұзушылық орын алған. Жемқорлыққа қатысы бар 41 азамат сотталған. Тағы 105-і қылмыстық жауапкершілікке тартылу үстінде. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі брифингте үшінші департаментінің басқарма басшысы Нұрғали Ахмет айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Талдау көрсеткендей, заңбұзушылықтың басым бөлігі пара беруге байланысты. Бұдан соң қызметті асыра пайдалану және алаяқтық. Қылмыстар Алматы қаласы, сондай-ақ, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі орын алған. Ұйымдасқан келісімнің қоғамдық қауіпті салдарға апарған Алматы қаласындағы мысалды атап айтқым келеді. Қылмыстық іс Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Қадыроваға, бас маман Илимовқа және брокерлік компанияның басшысы Тұрдиеваға және өзге де қатысты тұлғаларға қатысты қозғалып, сотқа жолданды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үшінші департаментінің басқарма басшысы Нұрғали АХМЕТ.
Нұрғали Ахметтің сөзінше, Қадырова қызметтік бабын асыра пайдаланып, кедендік органдардың жүйесіне түзетулерді заңсыз енгізіп келген. Сыйақы үшін төленген кедендік төлемдерін 5-10 пайызға ұлғайтып отырған. Түзетулерді сыртқы экономикалық қызметтің 9 қатысушысына жасаған.
«Тұрдиева алдап-арбау арқылы сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының сеніміне кіріп, 105 миллион теңге ақшасын алған. Қаражатты бюджетке кедендік төлемдерін аударғандай жасады. Алайда, ол ақшаны өзі иеленген. Ал зардап шеккендерге жалған банкілік түбіртек ұстатқан. Осы тұлғалардың мемлекетке тигізген залалдың сомасы 500 миллион теңгі құрады. Қазіргі таңда олардың барлығы сотқа берілді», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үшінші департаментінің басқарма басшысы Нұрғали АХМЕТ.