Қолдау «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ
Ұлттық банк еліміздегі шағын және орта бизнес иелерін жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасын әзірлеп жатыр, деп хабрлайды Almaty.tv.
Қолдау «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Ал, Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Шыңғыс Ахметов, бұрын аталған бағдарламаның шарты бойынша экономиканың нақты салалары ғана қолдау тапқан дейді. Яғни арнайы салалық шектеулер болған. Енді қазіргі күрделі жағдайды ескере отырып шағын және орта бизнес субъектілеріндегі сол салалық шектеулер алынған. Дегенмен бағдарлама шеңберінде екі шектеу қалады. Мәселен, біріншісі сауда саласында жылжымайтын мүлікті, құрал-жабдықтарды сатып алу сияқты инвестициялық мақсаттарға бағытталған несиелерді бағдарлама шеңберінде алуға болмайды. Бірақ сауда қызметін қолдау мақсатында айналым қаражатты қаржыландыратын несиелерді алуға рұқсат. Демек, тауарларды сатып алуға, жалдау төлемдерін және жұмысшылардың қаражатын төлеуге қолданылады.
«Екіншісі, Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес, мемлекеттік қолдау шаралары берілмейтін кəсіпкерлік субъектілері де бар. Мысалы, акцизделетін өнім өндіру және көтерме сауда, лоторея ойнату, ойын бизнесі, банктік қызмет, аудиторлық қызмет. Осындай қызметтің 12 түрі бар. Осы қызметте ісін істеп жүрген шағын және орта бизнес субъектілері және басқа да кәсіпкерлер осы бағдарлама щеңберінде қолдау ала алмайды», – деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс АХМЕТОВ.
Бағдарлама шеңберінде соңғы қарыз алушы үшін кредиттің құны банктік сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды есептегенде 6%-ды құрайды. Бір кəсіпкерді кредиттік қолдау мөлшері 7 млрд. теңгеге ұлғайған. Бұрын бұл сома 2,5 млрд. теңге болыпты. Кәсіпкерлерді қолдайтын екінші маңызды бағдарлама «Қарапайым заттар экономикасы». Мұндағы міндет – ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, бəсекеге қабілетті өңдеуші өнеркəсіпті ынталандыру, əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру. Оның үстіне импортты алмастыру қажет. Сондықтан оның салалық шектеулері сақталып отыр. Десе де оның аясында қаржыландыруға болатын салалар тізбесі кеңейтілді.
«Біз енді осы бағдарлама шеңберінде қолданылатын салалар тізбесін кеңейтіп отырмыз. Мысалы, күріш өсіру деген, нан өсіру, кондитерлік өнімдер, жеңіл металл конструкцияларын жасау деген сияқты салалар осы бағдарлама шеңберіне енгізіліп отыр», – деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс АХМЕТОВ.
Министрлік өкілі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған бағдарлама бойынша жобаларды қаржыландыру үшін жалпы несиелеу көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайғанын жеткізді. Бұрын бұл бағдарламаға бөлінген қаражаттың көлемі 600 млрд теңге болатын. Бұл нәсібін кәсібінен тауып отырған бизнес өкілдеріне үлкен медеу.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан