Келер жылы қыста қазақстандықтар жылусыз қалуы мүмкін

21.06.2023 23:44

Елдегі 10-нан астам жылу электр орталығының істен шығу қаупі бар

Almaty.tv

Екібастұздың жағдайы алдағы қыста басқа өңірлерде де қайталануы мүмкін. Елдегі 10-нан астам жылу электр орталығының істен шығу қаупі бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталған нысандардың жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасырдан асыпты. Ал оларды жаңалауға бөлінген биылғы бюджет қаражатының 23 млрд теңгесі қолды болған.

Қауіп пен сақтық сыналған өткен жылыту маусымы саланың бар түйткілін көрсетіп берді. Биыл елдегі 500-ден астам жылу электр орталығында дайындық паспорты болмапты. Талапқа сай келмесе де өңірлердегі нысан жұмыс істеп келген. Қақаған қыста қараша жылусыз қалды. Аязда аласапыран апатқа алып келетін саладағы салғырттықты мәжілісмен Ринат Зайытов көтерді.

«Жаңа жоғары аудиторлық палата төрағасы жасаған баяндамадан біраз нәрсені біліп қалдық. Мұнда бір қызық жағдай бар. Энергетика министрлігінің бақылауында 40 кәсіпорын 2020 жылдан 2022 жылға дейін күзгі-қысқы жұмысқа дайындық құжаттарын мүлдем алмаған, өтінім бермеген. Осының кесірінен дайындық құжаттары, яғни паспорт деген жай ресми нәрсе сияқты болып қалды, оны ешкім қажет етпейтін сияқты», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Екі апта бұрын жоғары есеп палатасы жылумен қамту саласына бөлінген ақшаның игерілуіне аудит жүргізіпті. Тексеру 47 мемлекеттік мекеме мен 44 табиғи монополия субъектісіне жасалған. Соның салдарынан 23 млрд теңге көлемінде заңбұзушылық анықталыпты. Қазына қаржысын «қылғытқандар» мәселесін енді үкімет шешпек.

«Оларға айыппұл салу біздің құзыретімізге кірмейді. Заң бойынша, Әкімшілік құқық кодексі бойынша жергілікті атқарушы органдар айналысуы тиіс. Біз қазір Үкіметке тапсырма бердік. Олар сол бойынша қарап, тексеріп, шара қолданады», – дейді ҚР Есеп комитеті мемлекеттік аудит жүргізу бөлімінің басшысы Ақылбай Ыбыраев.

Елдегі жылу электр орталықтарының қазір 76%-ы жарты ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Нысандардағы жабдықтардың тозуы 66%-ға жеткен. «Олардың жағдайы жыл сайын төмендемесе жақсармай тұр» деді сала министрі. Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, алдағы қыста да қараша жылуға жарымауы мүмкін. Себебі 10-нан астам өңірдегі жылу электр орталықтарының жағдайы мәз емес. Қауіп тәуекелі барын жеткізді.

«Өңірлерге әлі барған жоқпыз, себебі көптеген нысанда жөндеу әлі басталмады. Жөндеу жұмыстарының басталуын күтіп отырмыз. Барлығының жөндеу кестесі бар, оны бақылауда ұстаймыз. Апатты деген нысандардың тізімін жасадық, картамыз да бар. Әр энергетикалық нысан бойынша тәуекел аймағы, тозу деңгейі, қуаттылығы, жаңа қуаттарды салу сияқты сипаттамасы жасалды», – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Баяндама оқып, өңірлердегі жағдайды баяндаған министр жауабы мәжілісмендерге ұнамады. Төменгі палата төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің нысандарды бірде-бір рет барып араламағанын сынға алды. «Әне-міне кірісеміз деп жүргенде шырылдауық шегірткенің күйін кешіп қалмасақ болды» дегенді жеткізді.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы