Halyk Bank-тың мәліметінше «Сбербанктен» сатып алынған несиенің жалпы сомасы 330 миллиард теңге
«ЦентрКредит» банк «Альфа-Банкты» сатып алмақ. Келісім жасалғаннан кейін қаржы ұйымында ребрендинг жүреді. Мұндай ақпарат «Альфа-Банктің» әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Ал жуырда «Альфа-Банк» пен «Сбербанкке» салынған санкциялар Қазақстандағы филиалына әсер етпейтіні айтылған еді. Десе де ел азаматтары аталған қаржы мекемесіндегі несиелері үшін алаңдайды. Ботакөз Қайырбекова 2021 жылы «Сбербанк» арқылы несие рәсімдеп, үй сатып алған. Айына 120 мың теңге төлейді. Ол қарызын мерзімінен бұрын өтеймін деген ниетпен ай сайын артық төлем жасап отырған. Енді бұл несиесін «Halyk Bankке» төлейтіндіктен, қарызды ертерек жауып тастаймын деген ойы жүзеге аспай ма деп қорқады.
«Қазір ай сайын уақыты жақындаған кезде ғана төлейміз. Өйткені ертең қандай банкке ауысып кететінін білмейміз ғой. Біз жақындағанда ғана біліп отырамыз, смс күтіп. «Сбербанктің» қосымшасы арқылы артық төлесек, мерзімінен бұрын өтер едік», – деді қала тұрғыны Ботакөз Қайырбекова.
Қаржы ұйымдарына қатысты әңгіме көпшілікті әлі де уайымдатады. Банктен банкке ауысқан жағдайда артық төлемдер күйіп кетеді деп қауіптенеді.
«Сбербанк» жабылады деп естідік. Соған байланысты нақты ақпараты білуге келдім», – деді қала тұрғыны Қуаныш Алдабергенов.
Ал «Сбербанктың» мәліметінше, банкке келіп құжаттарға қол қоюдың қажеті жоқ. Мамандар барлық рәсімді өздері жүргізеді деді. Сонымен қатар, «Сбербанк» несиенің шамамен төрттен бірін ғана Halyk Bankке берген. Қарыздарын осы ұйымға төлейтін жандарға банк арнайы хабарлама жібереді. Halyk Bank-тың мәліметінше «Сбербанктен» сатып алынған несиенің жалпы сомасы 330 миллиард теңге. Оның ішіне жеңілдетілген автонесие мен ипотека кіреді. Дегенмен Halyk Bank-ке өткен қарыз талабы қаз қалпында қалады.
«Ай сайынғы төлейтін сомасы, күні оның шарттары, жылдың пайызы өзгеріссіз қалады. Нақты жеңілдетілген автокредитке қатысты болса ақшасын мерзімінен бұрын төлей беруге болады», – Halyk bank баспасөз қызметінің өкілі Досбол Арыстанбеков.
Банк өкілі арнайы қосымша арқылы несиені мерзімінен бұрын өтеуге және қарызды артығымен төлеуге болады дегенді де ескертті. Ал, қосымша ипотека немесе өзге несиеге қатысты ақпарат банк сайтында жарияланатын болады.