Егер ертең Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жоғалған жағдайда тұтынушы мұны байқамай да қалады. Дәл осылай деген Сенат спикері Дариға Назарбаева экспорттың ретке келтірілмегенін айтып сынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айтуынша, еліміз жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сыртқа шығарғаннан гөрі, көп импорттайды. Бұл көрсеткіш атап айтсақ, 17 есеге көп. Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласы неліктен кенжелеп барады? Болашағы бар ма?
Қазақстанда қазір 1071 кәсіпорынның 40-ы ғана ірі және орта жеңіл өнеркәсіп ошағы. Бұл тігін немесе аяқ киім фабрикасы емес, ателье немесе артельдер. Барлық кәсіпорындардың орташа қуаттылығы 26 пайыздан сәл асады. Саладағы қызметкерлердің тізімі 12 700 адам болуы тиіс. Алайда шынайы түрде - 9 300 адам еңбек етіп жатыр. Бұл Кеңес заманында 200 мың қызметкер болған. Сенат спикері Дариға Назарбаева еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының неліктен дамымай жатқанына пікір білдірді.
«Ең алдымен шикізаттың жоқтығы. Елімізде синтетикалық материалдар өндірілмейді. Отандық табиғи шикізат тапшылығы сезіледі. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен. Өндірісті модернизациялау мен қайта құрылымдауға тартылатын инвестицияның аздығы тағы бар. Көп жағдайда кәсіпорындар банктерден несие ала алмайды. Несие алғанның өзінде нысанды көтеріп, құрал-жабдықты кіргізбей, яғни ісін дөңгелетпей жатып несие төлеуге міндеттеледі», – деді ҚР Парламенті сенатының төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.
Тағы бір себеп – жеңіл өнеркәсіптің айқын келешегі жоқ. Былтыр оның өндірістік өнеркәсіп құрылымындағы үлесі небәрі 0,4 пайызды құрапты. Сондықтан ол жоғалған жағдайда, тұтынушылар мұны сезбей де қалады деді сенат спикері. Бұдан бөлек, импорттың, контрабанда мен котрафактілік өнімнің шамадан тыс болуы еліміздегі аталған сала үшін қиындық тудыруда. Осы мәселе төңірегінде Сенат депутаты Манап Көбенов ой қозғады.
«Контрафакт пен контрабанда мемлекеттік қолдау мен заңды түрде жұмыс істеп, барлық салықтарды төлеп келе жатқан отандық кәсіпкерлердің шараларын жоққа шығарып келеді. Жеңіл өнеркәсіп – ол ауқымы бойынша азық түлік саласынан кейін екінші орындағы нарық. Оның ауқымы бүгінде 500 млрд теңгені құрап отыр. Алайда кейбір есеп бойынша, саланың «көлеңкелі» бөлігі нарықтан екі есе асып, 1 трлн теңгеден астам қаржыны құрады», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Манап КӨБЕНОВ.
Депутаттың сөзінше, киім өндірушілерінің ең үлкен проблемасы отандық шикізатпен қамтамасыз етілмеуі. Әсіресе, жүн, мақта мен тері тапшы. Сол себепті жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін шикізаттық базаны дамыту бойынша шараларды қамтамасыз ету қажет. Сенатор қызықты статистиканы да келтірді. Мәселен, жылына 40 ер адамға бір ғана сыртқы киім өндіріледі екен. Ал 105 адамға бір свитер тігіледі.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан