Асқар Мамин қызметкерлерге жалақысын төлемей жүрген жұмыс берушілерге мәселені шұғыл шешуді тапсырды

27.11.2019 01:00

Қазіргі таңда олардың қарызы 1 млрд. 420 млн. теңгені құрайды

Жыл сайын Қазақстанда кәсіби аурулардың 1 мыңға жуық түрлері тіркеліп, оның жартысынан көбі кәсіби еңбекке жарамдылықтан айырылу жағдайларына алып келеді. Өкініштісі, кәсіби аурулардың 50 пайызы кеш анықталады. Бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан аса адам қауіпті және зиянды жағдайда жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері жыл басынан бері 1,5 есеге ұлғайған. Әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмысшыларының жалақысын 32 пайызға көтеріпті. Қазіргі таңда елімізде орташа жалақы көлемі 182 мың теңгені құрап отыр. Алайда жұмыс берушілердің қызметкерлерге берешегі республика бойынша 1 млрд. 420 млн. теңгені құрайды. Бүгін Премьер-министр бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.

«Еңбек  министрлігіне жалақы бойынша берешекті мониторингтеу, қолданыстағы алгоритмді қайта қарау керек деп санаймын. Сонымен қатар, Кәсіподақтар, «Атамекен» палатасымен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жалақыны уақытылы төлеу жөніндегі Заңнама нормаларын қатаңдатуды тапсырамын. Жұмыскерлеріне жалақы төлемеу жұмыс берушінің өзіне тиімсіз болуы керек», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Сонымен қатар, өзімізді қор қылып, шетелдік мамандарды зор көретін кәсіпорын-мекемелерде тексерістер жүргілуде. Қазіргі таңда, Қазақстанда шекара сыртынан жұмыс күшін тартатын 2 200 кәсіпорын бар. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер арасында жалақы бойынша кемсітушілікке жол бермеу жөнінде еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп 95 мекемеге қатысты тексеру жасаған.

«Нәтижесінде, ҚР Еңбек және көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 930 факті анықталды. 474 жергілікті және шетелдік жұмыскерлердің жалақысы сәйкестендірілді. Тексеру нәтижелері бойынша 681 рұқсаттама кері қайтарылды, 393 шетелдік жұмыскер елден шығарылды», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ

Сонымен қатар  еңбек даулары көбейген. Соңғы екі айдың өзінде 18 ұжымдық еңбек дауы қаралған. Бұл мәселе негізінен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында орын алып отыр. Қарызды еңбек мәселесінің туындауына заңнамалық тұрғыдан реттелмеу себеп дейді Кәсіподақ федерациясының төрағасы.

«Қазақстанда соңғы жылдары аутстаффинг (қарызды еңбек) кеңінен қолданылып жүр. Жұмыспен қамтудың осы түрі көбінесе жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына алып келеді. Көп жағдайда жалдамалы жұмысшылардың еңбегі штаттағы қызметкерлерге қарағанда аз төленеді. Оларға ұжымдық шарттардың күші жүрмейді. Ал өнеркәсіпте жазатайым оқиға болғанда мұндай жұмысшылар қорғаусыз қалып, олардың өмірі мен денсаулығына келген зиян өтелмей қалып жатыр», – дейді Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы ТОҒЖАНОВ

Бұдан бөлек, Қазақстанда Ұжымдық келісім жасасу бір жолға қойылмаған. Кәсіби аурулардың түрлері көбейген. Жылына 200-ден астам адам өндіріс орындарында мерт болады. Қазіргі таңда Қазақстанда Халықаралық Еңбек Ұйымының 190 конвенциясының 24-і ғана бекітілген. Осы ретте мамандар Халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізу жұмыскерлердің құқықтық қорғалуы мен кепілдіктерін арттыруға мүмкіндік береді деп отыр.