Блокчейн, криптовалюта және майнинг: Алматыда халықаралық конференция өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстан криптовалюта майнингі бойынша жаһандық көшбасшылардың қатарында
Жаңалықтармен бөлісіңіз

 Алматыда блокчейн мен криптовалюта және майнинг мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Технологиялар ғасырында ғаламтордың да өзіне тән валютасы бар. Бұл ретте төлемдер мен ақша аударымдарының жылдам әрі сенімді жүйесі саналатын криптовалюта айрықша маңызға ие. Эмиссиясы мен есеп-қисабы әртүрлі әдістерге негізделген бұл операция жаһандық қаржы құрылымының трансформациялануына да негіз болып отыр. Осыны ескерген әлем нарығындағы мамандар күні кеше Алматыда бас қосып, аталған салаға жаңа аяқ басқан көпшілікпен кездескен еді.

«Криптовалюта мен майнинг туралы айтарымыз бар болғандықтан, келгендерге бұл саланы егжей-тегжейлі түсіндіру үшін бүгінгі кездесудің маңызы зор деп ойлаймын. Себебі ғаламдық қолданыстағы ғаламторлық пайда табу жүйесін белгілі деңгейде меңгерген өте тиімді», – деді ұйымдастырушы Таир Каримов.

Кездесуге келгендердің қатарында Еуропадан арнайы шақырылған мамандар да бар. Олар криптоиндустриядағы трендтер мен халықаралық тәжірибедегі жаңалықтарын бөлісті.  Сондай-ақ майнингтегі құқықтық аспектілер талқыланып, капиталды арттырудың жолы көрсетілді.  

«Жобамыздағы технологиялардың бірі саналатын Деметра әлемдік банк жүйесіндегі Суифт-тің балама нұсқасы саналады. Келешекте көп мемлекеттің жаңа жүйеге өтетініне сенім мол. Сондықтан блокчейн – болашаққа құйылған инвестиция. Мұны адамдар түсінуі керек», – деді қатысушы Андреа Кадамуро.

Айта кету керек, қазір Қазақстан криптовалюта майнингі бойынша жаһандық көшбасшылардың қатарында. Бұл ретте АҚШ-тың үлесі 35,4 пайыз болса, біздің ел 18 пайыздық көрсеткішпен екінші орынға шығып отыр.

Мадина Оқас, Айдана Нұраш, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров